Астанадағы А105 көшесіндегі №11 үйдің ауласында футбол алаңының маңында бес жасар баланы тоқ соқты. Бала ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы футбол алаңының маңында құрылыс компаниясына тиесілі кабельдің жанып кеткені анықталды. Соның салдарынан 5 жасар баланы тоқ соғып, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде», – деп хабарлады полиция.
Полиция өкілдері қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.