Астана әуежайының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30-дан астам рейс ұшып келу мен ұшып кету бойынша кешіктірілген немесе тоқтатылған, деп хабарлайды Malim.kz.
«Қазіргі уақытта Астана әуежайында рейстер кестесінде өзгерістер байқалуда. Бұл жағдай ауа райы жағдайлары мен авиакомпаниялардың операциялық себептеріне байланысты. Ұшып келу бойынша 11 рейс кешіктірілуде. Олар: Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омбы бағыттары. Олардың ішінде екі рейс авиакомпаниялардың өндірістік себептеріне байланысты кешіктірілген, үш рейс әуе кемесінің ауыстырылуына байланысты, ал қалған рейстердің кешігуіне ұшақтың кеш келуі себеп болған. Ұшып кету бойынша Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омбы бағыттарына тоғыз рейс кешіктірілуде. Екі рейс Астанадағы ауа райы жағдайларына байланысты кешіктірілсе, қалғандары әуе кемелерінің кеш келуіне байланысты», – делінген сейсенбі күнгі хабарламада.
Сонымен қатар рейстердің тоқтатылуы да тіркелген: ұшып келу бойынша үш рейс тоқтатылды. Ұшып кету бойынша сегіз рейс Астанадағы қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты тоқтатылған.
«Синоптиктердің болжамына сәйкес, 10 наурыз күні Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі, кей уақытта қар, боран және тұман болады. Жел солтүстік-батыстан секундына 9–14 метр жылдамдықпен соғады, екпіні 15–20 метрге дейін, күндіз кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін», – делінген хабарламада.