Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен жүргізушілерге балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты жабық көлік салоны адам өміріне қауіпті жағдайға айналуы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе, бұл жайт балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
ІІМ ата-аналарға:
• балаларды көлікте қараусыз қалдырмауды, тіпті қысқа уақытқа да кетпеуді;
• көлік есіктерін үнемі құлыптап, кілтті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды;
• терезені сәл ашық қалдыру салон ішіндегі температураны айтарлықтай төмендетпейтінін ескеруді сұрайды.
Сондай-ақ көлікте жалғыз қалған баланы байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарлау немесе оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
ІІМ мәліметінше, сыртқы ауа температурасы 30-35°С болған кезде көлік салонындағы температура 10-15 минут ішінде 50-60°С-қа дейін көтерілуі мүмкін.