Балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыда 13 жасар қызға қатысты жыныстық қылмыс дерегіне байланысты қоғамда резонанс тудырған іске пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Кәмелетке толмағандарға қатысты резонансты істерге байланысты Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Закиева жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
"Түсіп жатқан сауалдарға байланысты Алматы қаласы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы қыз балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстар жөнінде мынаны хабарлаймын. Алматы қаласы бойынша 2025 жылдың желтоқсан айында іс өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін бап бойынша сотқа жолданды. Алайда сот қарауы барысында іс қайта сараланып, осыған байланысты прокуратураға жүгіндік. Қазір ішкі істер министрлігімен, қыздың анасымен және адвокат Ләззат Ракишевамен байланыстамыз. Қыз бала қауіпсіз жерде, арнайы мекемеде", – деп жазды Динара Зәкиева.
Зәкиеваның айтуынша, психологиялық қолдау орталығы анасы мен қызды шақырып, олармен тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.
“Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік уәкіл әкесімен байланыста. Отбасы психологиялық көмектен бас тартты. Соған қарамастан, өңірлік уәкіл тарапынан жеке жұмыс жүргізеді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр”, – деді Динара Зәкиева.
Ал Қостанай облысы бойынша істі қайта қозғау туралы прокуратураға өтініш жолданған.
“Адвокат хабардар етілді. Барлық аталған істер біздің бақылауымызда”, – дейді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, кеше Алматыда 13 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынғанын жазғанбыз.