Астанада науқас баланың еміне деп жиналған ақшаны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған блогер Толқын Тотақанова үндеу жасап, өзін алаяқ емес, қылмыстық топтың құрбаны ретінде көрсетті, деп хабарлайды Politico.kz
Көпшілік алдына хиджабсыз шыққан ол ең алдымен ұлының шынымен ауыр дертке шалдыққанын айтты. Оның сөзінше, халықтың көмегі мақсатсыз жұмсалмаған, баласын бірнеше елде емдеткенін алға тартты.
«Біз оны Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде емдеттік. Емге қазір айтылып жүргендей 6 миллион емес, шамамен 160 миллион теңге кетті», – деді ол.
Оның сөзінше, «700 миллион теңгеден астам қаражатты» бопсалаушылар тартып алған. Ол нақты есімдерді атап, Жадыра Зарлыханова, Сұлтанова Алмат және Болатбек Сұлтановтың атын атады.
Айтуынша, бес жыл бойы қорқыныш пен үрейде өмір сүріп келген.
«Өлтіреміз деп қорқытты, баламды емдеу үшін қарызға ақша алуға мәжбүр болдым», – деді ол.
Сонымен бірге бұл уәжін аудиторлық тексеріс пен іс материалдары дәлелдейді деп мәлімдеді.
Бейнеүндеуде келіншек психологиялық қысымнан денсаулығы сыр бергенін де жасырмады. Ауыр экзема басталып, шашы түскендіктен, басын күнде қыруға тура келгенін айтты.
«Мен басымдағы жараларды жасыру үшін хиджаб киюге мәжбүр болдым. Бүгін сіздердің алдарыңызға шынайы бейнеммен, қорықпай шығып отырмын», – деді ол.
Сондай-ақ ол күйеуінің «әділетсіз сотталғанын» айтып, қоғамға сұрақ тастады: «Біздің қайғымыздан пайда тапқандар неге бостандықта жүр? Олардың артында кім тұр?» деген сауалын қайталады.
Еске салайық, 2026 жылдың 9 қаңтарында Астана соты ерлі-зайыпты Дәулет және Толқын Тотақановтарға қатысты үкім шығарып, оларды алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп таныған. Екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылған: Дәулет Тотақанов жазасын өтеуге қамалса, кішкентай баласы бар болғандықтан Толқын Тотақановаға қатысты үкімнің орындалуы екі жылға кейінге шегерілген.