Ақтөбе облысында 10 мектеп әлі жөнделіп жатыр
Жаңа оқу жылының басталуына 2 аптаға жуық уақыт қалды
Ақтөбе облысында 48 мектептің ғимараты жөнделіп жатыр. Бұл туралы 24 kz хабарлады. Алдын ала жоспарланған нысандардан бөлек, биыл көктемде бірнеше мектепті су басып, шатырын ұшырып кеткен. Ал жаңа оқу жылының басталуына 2 аптаға жуық уақыт қалды.
Биыл табиғаттың тосын мінезінен облыстағы 10 білім ордасының ғимараты бүлінді. 8 мектепті су басса, қалған екеуінің шатыры екпінді желге шыдас бере алмаған. Қазір Тассай ауылындағы орта мектеп толық жаңартылып жатыр. Кеңес дәуірінде салынған ғимараттың қабырғаларына сызат түсіп, едені жарамсыз боп қалған.
«Демеушілік есебінен 180 млн қаржы бөлінді. Мектепті бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейін және әр кабинеттерді бөлек жабдықтап берейін деп жатыр. Балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар көмек көрсетілмек»,- дейді Хромтау аудандық білім бөлімі басшысының м.а. Ақжайна Сабанбаева.
Жалпы Хромтау ауданында 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Аудан орталығындағы №5 гимназияда құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Мердігер есік-терезесін, электр және жылу жүйесін, едені мен қасбетін жаңартуы тиіс. 320 орындық білім ордасына облыс бюджетінен 430 млн теңге бөлінген.
Фото: Egemen.kz