Батыс Қазақстанда 16 мектеп апатты жағдайда тұр
Былтыр облыс бойынша 10 білім беру ұйымы үш ауысыммен оқыған
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде 1 359 балалар мен жасөспірімдер мекемесін мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады.
Департамент басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айуынша, қазіргі таңда облыстағы 16 мектеп апатты жағдайда деп танылған.
Оның сөзіне қарағанда, Ақжайық ауданында М.Өтемісов атындағы жалпы орта білім беретін, Казталовта Қоныс және Сатыбалды ауылының негізгі мектептері, Бөрліде № 1 орта мектеп, Пугачев мектеп-бөбекжай кешені, Кеңтүбек, Жәнібекте А.Оразбаева, Ғ.Қараш атындағы, Тегісшіл орта мектебі, Қаратөбеде Жақсыбай, Төлендегі негізгі мектептер, Тасқалада Айнабұлақ мектебі, Орал қаласында М.Мәметова атындағы № 27 және № 43 орта мектеп ғимараты талапқа сай келмейді. Төтенше жағдайлар туралы есептерді уәкілетті орган ұсынған.
«Сонымен қатар өткен оқу жылында облыс бойынша 10 білім беру ұйымы үш ауысымдық оқыту режимімен жұмыс істеген. Атап айтқанда, Орал қаласында № 20, 24, 30, 38, 49 орта мектептер, эстетикалық бағыттағы гимназия, Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы № 7 орта мектеп, Бәйтеректегі Трекин орта мектебі және Қ.Мырзалиев атындағы қазақ орта мектебі және Теректідегі Подстепный қазақ орта мектебі осы тізімге кіреді. Өңірде аталмыш мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 орта мектептің құрылысы жоспарланса, олардың тоғызы биыл салынуда», - деді М.Арыспаев.
Фото: danaqaz.kz