457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«Болашақ» бағдарламасына жас шектеуі енгізіледі

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерге жас шектеу енгізу жоспарын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан екі стипендиаттың жасы шамамен 70-ке жақын.

«Бірінің жасы – 68-де, екіншісі – 70-ке таяу. Сондай-ақ бұрынғы бір түлек 67–68 жасында Ресейде, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті базасында тағылымдамадан өтті. Бұған дейін бағдарламада 40 жасқа дейінгі шектеу болған. 2012 жылы бұл шектеу алынып тасталды, себебі кәсіби тағылымдамаларға 40 жастан асқан тәжірибелі мамандардың қатысуына мүмкіндік беру қажет болды. Енді жаңа өзгеріске сәйкес, тағылымдамаға бару үшін зейнет жасына кемінде үш жыл қалуы керек. Яғни, ерлер үшін шекті жас – 61 (64–3), әйелдер үшін – 57 жас (60–3). Бұл өзгерістер биылдан бастап күшіне енеді», – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін енгізіліп отырған жоқ, бәрі алдын ала жоспарланған болатын.

«Бұл жас шектеуін енгізу жоспары өткен жылы бекітілген "Болашақ" бағдарламасын дамыту стратегиясында болған. Біз кәсіби тағылымдамалар үшін белгілі бір шектеу қажет екенін түсіндік. Себебі тағылымдамадан өткендер кейін елге оралып, белгілі бір мерзім жұмыс істеуі тиіс», – деп толықтырды министр.

Еске салсақ, 2025 жылғы 14 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге тағылымдамаға жіберілген кейбір ғалымдарды сынға алған болатын. Оның айтуынша, бұл ғалымдардың ғылымға еш қатысы жоқ.

Фото: pixabay.com