Едені шіріп, қабырғасы көгерген. Қызылорданың Жосалы кентіндегі мектептің жағдайы сын көтермейді
Жыл сайын оқушы саны артып келе жатқан мектеп-лицейдің жаңа ғимараты қашан салынатыны белгісіз

Қызылорда облысының Жосалы кентіндегі нөмірі 105-мектеп лицейдің қабырғасы көгеріп, едені шіріп кеткен. Оқу ошағында мәдени іс-шара өтетін арнайы орын жоқ, спорт залы болса өте тар. Ауылдағы білім мекемесінің жағдайы туралы 24.kz телеарнасына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Биыл аталған оқу ошағына жаңа ғимарат салу жоспарланғанымен, бұл шаруа іске аспай отыр. 65 жылдық тарихы бар Жосалы кентіндегі №105 мектеп-лицей 420 орынға арналған. Бүгінде мұнда 500-ге жуық бала білім алады. Оқушылар екі бөлек ғимаратқа орналасқан.
Мектеп жанындағы бастауыш сыныпқа арналған қосымша ғимарат 1961 жылы салынып, қабырғасы қам кесектен қаланған. Бүгінде мұнда 170-тен астам оқушы білім алады. Мектептің дәлізін пластикалық қабырғамен бөліп, шағын сыныптар жасалған. Бұл амалсыздан жасалған әрекет, дейді мектеп директоры. Бастауышта бөлінген кабинеттер қосымша білім беруге, яғни пәндік олимпиадаға, ғылыми жұмыстарға дайындалуға арналған. Қосымша сол жерге барып жұмыс жасайды мұғалімдеріміз. Шатырының өзіне жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұрынғы шифр дейміз ғой, азбестпен тұр. Еденге де жасалмаған, -дейді №105 мектеп-лицей директоры Нұржан Райымов.
Мектепте мәдени іс-шараларды өткізуге арналған арнайы зал жоқ. Сол себепті мұндай шаралар дәлізде немесе кітапханада ұйымдастырылады. Оқушылардың сырт киімін ілетін орын да қарастырылмаған. Спорт зал тиісті талапқа сай емес. Бұрынғы гимнастикаға арналған шағын залда балалар волейбол, баскетбол ойнауға мәжбүр. Бұл оқу ошағына биыл жаңа ғимарат салу жоспарланған. Бірақ, қаржы мәселесін шешу қиындық тудырып тұр,-дейді мамандар.
Облыстық құрлыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиевтің айтуынша, Қармақшы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектеп салу жоспарланған.
Олар Жосалы кентінде және Үшінші интернационал ауылында болуға тиіс. Екеуі де апаттық жағдайда. Қаражатқа байланысты бұлар алдыңғы жылдарға қалып тұр. Басқа нұсқаларды іздеп жатырмыз. Республикалық бюджет бар, ұлттық қор бар, білім нысандарын қолдау қоры бар, - деп түсіндіреді басқарма басшысы.
Жыл сайын оқушы саны артып келе жатқан мектеп-лицейдің жаңа ғимараты қашан салынатыны белгісіз. Ал оған дейін бастауыштың оқушылары қабырғасы көгерген сыныптарда біліммен сусындай тұруға мәжбүр.
Фото: pexels.com