Желіде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов COVID-19 пандемиясы кезінде әзірленген, бірақ әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген электронды платформа туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Экс-министр сол кезеңде өзіне және орынбасарына қарсы қозғалған қылмыстық істі еске алып, денсаулық сақтау саласына арналған цифрлық жүйені жасауға бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылғанын айтты.
Оның сөзінше, сот барысында куәгерлердің барлығы дерлік — техникалық мамандардан бастап, сол кездегі министр Алексей Цойға дейін — платформаның іс жүзінде дайын болғанын растаған. Жобаны әзірлеген шведтік Ericsson компаниясы да барлық жұмыстың толық орындалғанын және жүйені Қазақстан үшін іске қосуға дайын болғанын ресми түрде мәлімдеген.
«Алайда бұл ұсыныс ескерусіз қалды. Платформа сол күйі іске қосылмай қалды», –
деді Біртанов.
Ол кейінгі жылдары денсаулық сақтау, цифрлық даму министрлері мен бірқатар вице-премьерлер, оның ішінде Ералы Тоғжанов пен Тамара Дүйсенова да платформаның жуық арада іске қосылатынын уәде еткенін, бірақ нақты нәтиже болмағанын айтты.
Біртановтың пікірінше, платформаның іске қосылмауы ел халқына нақты зиян келтіріп отыр.
«Біз сотқа да, Үкіметке де жүгіндік. Бұл жүйенің болмауы салдарынан қазірдің өзінде ауыр зардаптар байқалып отыр. Бірақ ешкім мәселені ашық мойындағысы келмейді», –
деді ол.
Экс-министрдің айтуынша, әлемде мұндай деректер алмасу және жүйелерді біріктіру мәселесі арнайы интероперабельдік платформалар арқылы шешіледі.
«Егер платформа болмаса, түрлі компаниялар жасаған, әртүрлі стандарттағы жүйелерді біріктіру мүмкін емес. Мұндай жобалар — суперкомпьютер немесе ядролық реактор секілді күрделі әрі қымбат инфрақұрылым. Оны әр ел жеке өзі жасай алмайды», –
деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда бұрын жасалған платформа Oracle жүйесінде құрылған және бұл бағыттағы әлемдік көшбасшы технологияларға негізделген. Келісімшарт пен лицензия да мерзімсіз.
«Ericsson немесе басқа компанияны шақырып, жұмысты жалғастыру жеткілікті еді. Бұл жаңа платформаны нөлден жасағаннан әлдеқайда арзан әрі жылдам болар еді», –
деді Біртанов.
Сөз соңында ол Денсаулық сақтау министрлігі соңғы бес жылда 150-ге жуық жаңа цифрлық шешім ұсынғанын, алайда нақты іске асқан жоба болмағанын айтты.
«Егер сол ескі платформаны қолдансақ, ол қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрар еді. Ал біз бес жыл бойы бір орында тұрдық», –
деп түйіндеді экс-министр.