Қазақстандық дипломаттар маусым айының басынан бері байланысқа шықпаған Әсет Құралбайдың туыстарымен және АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен байланыс орнатуда. Бұл туралы Malim.kz Bairaqmedia сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Иллинойс штатындағы Чикаго қаласының оңтүстігіндегі Форд-Хайтс ауданында тұрған 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың жоғалып кетуіне байланысты жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Жас жігіттің жоғалғаны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған болатын. Жарияланым авторларының мәліметінше, Әсет Құралбай соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап оның телефоны қолжетімсіз болған. Сондай-ақ оның құжаттары мен банк карталары үйінде қалғаны хабарланған.
Қазақстан СІМ қазақстандық дипломаттардың америкалық билік өкілдерімен және жоғалған азаматтың туыстарымен байланыста екенін растады.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың Чикагода жоғалып кеткені туралы ақпарат белгілі. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен байланыста болып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Сонымен қатар Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз жоғалған азаматтың туыстарымен тығыз байланыс орнатқан. Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», — деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 10 маусым күні полиция Әсет Құралбайға тиесілі Toyota Camry автокөлігін тапқан. Алайда жас жігіттің нақты қай жерде екені әлі күнге дейін белгісіз.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, азаматтың жоғалуына қатысты мән-жайларды анықтау жұмыстары жалғасуда және бұл жағдай ведомствоның ерекше бақылауында тұр.
, деп хабарлайды Malim.kz.