Ақтөбеде Аймағамбетовке хат жазғаның үшін сотталып кетуің мүмкін

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 10.09.2021

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы «Жоғары Колледжден» дау шықты. Колледж мұғалімдері білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына хат жазып, жаңадан келген директор Бақыт Күлбаева ұстаздарға қысым көрсетіп, жұмыстан шығарып жатқанын айтуда.

«Жаңа ректор өз командасымен келді»

Маусым айында қызметінен кеткен «Жоғары Колледждің» қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жақсылық Әлихан ұстаздарға қысым көрсету Қ. Жұбанов университетіне ректор міндетін уақытша атқарушы болып Рақым Бекназаров тағайындалғаннан кейін басталды дейді. Оның сөзінше, жаңа ректор өз командасымен келген және колледж директоры Бақыт Күлбаева да сол командадан.

«Қ. Жұбановты төрт жыл басқарған ректорымыз Шәкәрім атындағы университетке ауысты. Оның орнына ректордың міндетін уақытша орындаушы болып Рақым Бекназаров отырды. Рақым қалай басшылыққа келді, солай өзінің командаластарын жинады. Университет жанындағы колледж басшылығына Бақыт Күлбаеваны қойды. Оның Бекназаровқа қандай таныстығы бар екенін білмеймін. Әйтеуір соның адамы екені анық. Күлбаева қалай келді, солай жастарға қысым көрсете бастады», - дейді Жақсылық Әлихан.

«Адамның барлығы тең дегенім үшін қысым жасады»

Жақсылық Әлихан қысым жаңа директормен болған жеке әңгімеден кейін басталды дейді. Оның сөзінше, Бақыт Күлбаева оны кабинетіне шақырып, жеке сөйлескен. Әңгіме барысында ол «азаматтық қоғамда адамдардың барлығы тең» екендігін айтқан. Осыдан кейін директор тарапынан қысым күшейген.

«Бір күні директор мені кабинетіне шақырды. Онда мен демократиялық елде, азаматтық қоғамда адамдардың барлығы тең екенін айттым. Келіп басынып, студенттердің көзінше әжуә қылып керек емес. Мен өз мамандығымды өте жақсы білемін. Бұған қоса, мен осы Қ. Жұбанов университетін бітіргенмін... Осылай «адамның барлығы тең» дегеннен кейін қысым басталды.  «Мен басшымын, көрсетемін қолымнан келетін нәрсені» деп, менің үстімнен актілер толтыра бастады. Ешқандай себеп жоқ актілер. Кезекшілікке кешікті деген сияқтылар болды оның ішінде. Мысалы, мұғалім қалай кезекші болады? Ол мұғалім бе, кезекші ме? Кезекшілікте күзетшінің орнында тұрасың. Бұл қандай нәрсе сонда? Күзет отыру керек қой ол жерде», - дейді Әлихан.

«МИНИСТРГЕ ХАТ ЖАЗҒАНЫҢ ҮШІН СЕНІ СОТТАП ЖІБЕРЕ АЛАМЫЗ»

Жақсылық Әлихан бұған дейін де колледж қабырғасында болып жатқан қысымдарға байланысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жазғандарын айтады. Оның сөзінше, ол кезде министрлік Қ. Жұбанов басшылығына жас маманның жағдайын қарауға тапсырма берген. Осыған байланысты универистетте арнайы комиссия құрылған. Бірақ барлығы өз адамдары болғандықтан комиссия директордың сөзін сөйлеген.

«Біз болып жатқан дүниелерге байланысты министр Асхат Аймағамбетовке хат жаздық. Университет бұны жылы жабу үшін ол жаққа комиссия құрғандығы жөнінде есеп берді. Университет басшылығы комиссия болып колледжіге келді де, барлығы директорды жақтап шықты. Комиссияның ішінде Рақым Бекназаровтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Бердібаев, проректор Бибигүл Әбенова болды. Олар маған «сені Аймағамбетовке жазған мына хатың үшін соттап жібере аламыз, сотқа берсек жеңілесің» деді. Мен оларға «мені тергеуге келдіңіздер ме, жоқ басшылықты тексеруге келдіңіздер ме?» деп сұрадым. Олар оған «сен хатты эмоциямен жазғансың, жеке басқа тиіскенсің» деп қоқан-лоқы көрсетті», - дейді Жақсылық Әлихан.

«Жарық кабинетті бірінші рет көрген студенттер және  республикалық комиссия»

Жақсылық Әлихан универистет ішінен құрылған комиссияны былай қойып, республикадан келген комиссияның өзі колледжде болып жатқан дүниелерге көз жұма қарады деп налыйды. Оның сөзінше, басшылық республикалық комиссияға колледж ғимаратын емес, универистеттің оқу корпусын көрсеткен. Студенттер комиссия мүшелеріне жарық кабинеттерді бірінші рет көріп тұрғанын айтса да, олар оған назар аудармаған.

«Колледжде акредитация жасалды. Республикадан келген комиссияға колледж кабинеттері емес, университеттің оқу корпусы көрсетілді. Сол жерде отырған колледж студенттері комиссия мүшелеріне «біз бұнда оқымаймыз, біз мына жарық кабинеттерді бірінші рет көріп тұрмыз» деп айтқан. Бірақ сорақысы сол, осының барлығына қарамастан, комиссия оған назар аудармаған. Бұл жерде қандай сыбайластық жатқанын ойлай беріңіз», - дейді Жақсылық Әлихан.

«Мамансыз қалған колледж және айтары бар директор»

Жақсылық Әлихан басшылық тарапынан қысым тоқтамағасын өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болдым дейді. Ол қазір колледжде маман тапшы екенін, әлі күнге дейін сабақ кестесінде өзінің аты жазылып тұрғанын айтады. Оның сөзінше, қазір колледж басшылығы кеткен мұғалімдерді қайтадан жұмысқа шақырып жатыр.

«Қысымдардан кейін методист Қамал Нұржанова мен Бағила Ахметниязова екеуі маған «директор қаласа өз еркімен жұмыстан кетсін» деп айтып жатыр деді. Сосын мен айттым, жақсы мен кетейін, бірақ акт жазуды тоқтатыңдар дедім. Өйткені олар актінің зардабынан еңбек демалысының өтемақысынан ақша қиылады деді. Заң бойынша еңбек демаласының қаржысы кесілмейтін дүние. Бірақ олар «барлығы біздің қолымызда, білгенімізді істейміз» деді. Сосын мен сабақ, емтихан уақытым біткенде кетемін деген келісімге келдім. Олар оған қуана-қуана келісті. Менен кейін он адам кетті. Қазір енді сол адамдарға қайтадан хабарласып жатыр «маман жетіспей жатыр, келіңдер» деп. Сабақ кестесінде менің атым әлі тұр. Студенттерді алдап қойып қойған», - дейді Жақсылық Әлихан.

Мақаланы жазу барысында Malim.kz тілшісі колледж директоры Бақыт Күлбаеваға хабарласты. Ол бастапқыда аталмыш мәселеге байланысты пікір білдіруге дайын екенін айтып, бірер минуттан кейін хабарласуды сұрады.

«Қазір қағаз шығарып отыр едім. Хабарласқандарыңыз қандай жақсы болды, менің де айтарым бар. Екі-үш минуттан кейін хабарлассам бола ма?», - деді Күлбаева тілдесу барсында.

Осыдан кейін WhatsApp желісінде қазір осы мәселе бойынша жиналыста отырғанын, оның қашан аяқталатынын білмейтінін айтып, хат жолдап, кейінірек хабарласатынын айтты.

Фото әлеуметтік желіден алынды.

Байланысты жаналықтар

Ақтөбеде жұмысшы үгіткіш аппаратқа құлап қаза тапты

19.09.2024

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Астананың қай жерлерінде өтеді?

18.09.2024

Ақтөбеде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалды

12.09.2024

Ақтөбеде көлік апатынан 3 жасар қыз көз жұмды

11.09.2024

Кісі қолынан қаза тапқан оқушының отбасы мәлімдеме жасады

05.09.2024

Ақтөбедегі оқушы өлімі: мектеп директоры қызметінен босатылды

05.09.2024
MalimBlocks
Ақтөбеде жұмысшы үгіткіш аппаратқа құлап қаза тапты

Оқиға Ақтөбе мыс компаниясында болған

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Астананың қай жерлерінде өтеді?

Өз өнімдерін бірінші болып Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстары ұсынады

Ақтөбеде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалды

Жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр

Ақтөбеде көлік апатынан 3 жасар қыз көз жұмды

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

Кісі қолынан қаза тапқан оқушының отбасы мәлімдеме жасады

Төбелеске 15 оқушы қатысқан дейді марқұмның әпкесі

Ақтөбедегі оқушы өлімі: мектеп директоры қызметінен босатылды

Оқиға 2 қыркүйекте Кеңесту ауылында болған