Дархан Мыңбай. Күй мен күйші
Күйді насихаттау - әр қазақтың парызы болуға тиіс
Қазақ күйі әркез жаңарып, жаңғырып және дамып келеді. Сонысымен ол ұзақ жасайды, құдыретке ие болады.
Күйшінің таланты мен тыңдаушылар талғамы үйлескенде ұлттың сана-сезімі өседі, қуаттанады. Күйді насихаттау - әр қазақтың парызы болуға тиіс. Әдеби көркем шығармаларда оның үлгілері де бар. Жақсы дәстүрді қазіргі бұқаралық коммуникация құралдарында, әлеуметтік желілерде лайықты жалғастыру керек деп санаймыз. Қазақ күйін жария етуді, күйшісін құрметтеп, насихаттауды өзімізден бастайық, сонда халқымызды, оның қайталанбас бірегей өнерін ел ішіне ғана емес, әлемге танытатын боламыз. Үлкен-кішіңіз бар, баршаңызды абыройлы іске үлес қосуға шақырамыз.
“ӘЛҚИССА” ДЕГЕН…
Осы сөздің мағынасын алғаш рет апамнан сұраған едім. “Алпамыс батыр”, “Қобыланды батыр”, “Ер Тарғын” эпостық жырларын пластинкадан мұқият тыңдап отырар едік. Ерекше сөз естіп қалсақ елең ете қаламыз, білуге құштармыз. Бала кезімізде түсіндірме сөздік тапшы, ашып қарай салатын интернет те болған жоқ. Сонда арабша оқудан хабары бар Ұлпатай апамыз: “әл-қисса — әңгіме бастаудың белгісі, өткен тарихты, болған оқиғаны айтудың біссімілләсі” деп түсіндірген еді. Айна-қатесіз дәл екен. Кейін, ержеткен шағымызда Нұрғиса Тілендиев ағамыздың “Әлқисса” күйін естіген сайын сол бала кезімде естіген жыраулардың сөз саптауы, өзім куә болған әр түрлі оқиғалар басынан аяғына дейін есіме түседі.
1984 жылы Мәскеуде, МГУ-дің журналистика факультетінің төртінші курсында оқып жүргенімізде Одақтар Үйінің Колонналы залында “Отырар сазы” оркестрі концерт берді. Сонда бірегей күйші - Нұрғиса аға өнерінің кеудемізге мақтаныш сыйлағанын айтып жеткізу мүмкін емес. Зәулім сарай ішінде қазағы бар, басқасы бар, өзге жұрт өкілдері де бар - баршасын шабыттандырып жібергенде, төбеміз көкке жеткен еді. Сол көңіл-күй, эмоцияға толы сезім ешқашан ұмытылмақ емес.