Футзал: Қазақстанның қарсыластары анықталды
Футзалдан әлем чемпионаты биыл қыркүйек айының 12-і мен қазанның 3-і аралығында Литвада өтеді. Осыған байланысты кеше Швейцарияның Цюрих қаласында аламан бәйгенің жеребе тарту рәсімі өтіп, онда Қазақстан құрамасы Венесуэла, Коста-Рика және алаң қожайындары Литвамен бір топқа түсті.
Қазақстанның екі бірдей қарсыласы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқалы отыр. Оның бірі, жарысты ұйымдастыруыш ел – Литва. Әлемдік рейтингте 91-орында тұр. Бұған дейін іріктеу сайыстарында жолы болмай жүрген литвалықтарды анау айтқандай мықты қарсылас деп айтуға келмес.
Жалпы Литваға кіші футбол кеш келді. Халықаралық аренадағы алғашқы ресми ойындарын 1999 жылы Венгриямен өткізіп, 3:5 есебімен жеңіліп қалды. Бұл кезде Қазақстан құрамасы Азия құрлығында үздіктер қатарына кіріп, 2000 жылғы әлем чемпионатына жолдама алып жатқан кезі болатын.
Оңтүстік Америка аймағында Аргентина, Бразилия, Парагвай сияқты мықтыларымен қатарласып шыққан Венесуэла құрамасы да әлем чемпионатында алғаш рет бақтарын сынағалы тұр. Іріктеу кезеңінде олар Чили, Уругвай, Боливия құрамаларын ұтты. Қазіргі әлем чемпионы Аргентинадан 1:2 есебімен жеңілді.
Венесуэла құрамасы халықаралық аренадағы алғашқы ресми ойынын 1996 жылы Бразилияға қарсы өткізіп, 1:13 есебімен ойсырай жеңілді. 2015 жылы ең ірі жеңістерін тойлады (Венесэла – Перу – 7:2). Әлемдік рейтингте – 22-орында.
Әлемдік рейтингте 28-орында тұрған Коста-Рика Қазақстан құрамасына жақсы таныс. 2016 жылы Колумбияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан Коста-Рикамен бір топта ойнап, 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Дегенмен, «жеңдік екен» деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Коста-Рикада кіші футболдың деңгейі бұрынғыдай емес, біршама өскен. 2012 жылдан бері «Солтүстік Американың чемпионы» деген атақты ешкімге ұстатпай жүр. Әлем чемпионатының іріктеу турнирі кезінде де олар бірінші орынмен шықты.
1992 жылы өткен әлем чемпионатында Коста-Рика Бразилия құрамасынан 1:15 есебімен күйрей ұтылды. Бұл олардың халықаралық аренадағы ең ірі жеңілісі. Ал ең ірі жеңісіне 2008 жылы қол жеткізді (Коста-Рика – Гаити – 13:0);
Әлем чемпионатына қатысатын 24 команда алты топқа бөлінді
А тобы. Литва, Венесуэла, Қазақстан, Коста-Рика;
В тобы. Гватемала, Ресей, Өзбекстан, Египет;
С тобы. Таиланд, Португалия, Марокко, Соломан аралдары
D тобы. Панама, Чехия, Вьетнам, Бразилия;
Е тобы. Ангола, Жапония, Парагвай, Испания;
F тобы. Аргентина, АҚШ, Сербия, Иран;
1/8 финалына әр топтан үздік шыққан екі команда жолдама алады. Сонымен қатар, үшінші орын алған командалардың ішінде нәтижесі жоғары төрт команда да жарысты жалғастырады.
Ойындар Литваның үш қаласында – Вильнюс, Клайпеда және Каунаста өтеді. Топтық ойындар 12-20 қыркүйек аралығына жоспарланған. 22-24 қыркүйекте 1/8 финалдың ойындары. Жартылай финалдың жолдамалары 26-27 қыркүйекте сарапқа салынады. Финалға шығатындар 29-30 қыркүйекте анықталады. Жеңімпазды 3 қазанда білетін боламыз.
***
Қазақстан құрамасы өз тарихында үшінші мәрте әлем чемпионатында сынға түскелі отыр. Осыдан жиырма бір жыл бұрын Қасымжан Мәдиевтің басшылығымен отандастарымыз Азия құрлығында үздік шығып, Гватемалада өткен әлем біріншілігіне алғаш рет жолдама алған болатын.
***
Жалпы, Тәуелсіздік алғалы бері кіші футболымыз үлкен жетістіктерді бағындырды десек, артық айтқанымыз емес. Жаңа ғасыр қарсаңында Азия құрлығының мықтыларымен күш сынасқан еліміздің құрамасы Куала Лумпур (Малайзия) қаласында өткен додада қола жүлдеге ие болды. Одан кейінгі жылы, яғни 2000 жылы Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Мәдиевтің командасы финалға дейін жетіп, бас жүлде үшін болған ойында Иран құрамасынан 1:4 есебімен ұтылды. Дәл осы Азия чемпионаты әлем чемпионатының іріктеу сайысы болатын. Қазақстан құрамасы үшін ең маңызды ойын жартылай финалда Жапониямен болды. Қазақстандықтар Күншығыс елінен келген қарсыластарын 9:6 есебімен жеңіп, тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды.
***
2000 жылы Гватемаладағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Бразилия, Португалия және Гватемаламен бір топта ойнады. Алғашқы ойында біздің жігіттер Бразилиядан 1:12 есебімен ұтылып қалды. Қазақстан құрамасы сапынан әлем чемпионатындағы алғашқы голды Талғат Баймұратов соқты. Айтпақшы, дәл осы әлем чемпионатында ұлттық құраманың сапында белгілі режисер Ермек Тұрсынов та ойнады.
Бразилия сияқты азулы қарсыласқа төтеп бере алмаған Қазақстан құрамасы осыдан кейін алаң иелері Гватемаламен ойнап, 5:6 есебімен жеңілді. Соңғы ойында Португалия құрамасынан да 2:6 есебімен ұтылып қалдық.
***
Осыдан бес жыл бұрын Колумбияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші мәрте өнер көрсетті. Какау баптаған құрама Аргентина, Соломан аралдары және Коста-Рикамен бір топта ойнады. Аргентинадан 0:1 есебімен ұтылғанына қарамастан қазақстандықтар қалған екі ойында жеңіске жетіп (Қазақстан – Соломан аралдары – 10:0, Қазақстан – Коста-Рика – 3:1), 1/8 финалына жолдама алды. Алайда, ширек финалға шыға алмады. Әлемнің екі, Еуропаның жеті дүркін чемпионы Испаниямен болған ойында Пиреней түбегінен барған жігіттер 5:2 есебімен жеңіске жетті