Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім

Олжас Қасым

  • 20.04.2022

Өткен жылдың соңында «Алатау кітапханасы» сериясымен  жазушыГүлжан Амангелдіқызының «Раушангүл» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Жаңа жинаққа қаламгердің әңгімелері мен новеллалары топтастырылған. 22 сәуірде Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында кітабының таныстырылымы өтеді. Шығармашылық  кеш алдында автормен сұхбаттасудың сәті түсті.    


- Жаңа кітабыңыздың жарық көруімен! Байқауымызша, кітапқа енген шығармаларыңыздың дені ертеректе жазылғанымен, жинақ қылып шығаруға асықпаған сияқты көрінесіз. Мұның қандай да бір себебі бар ма?

- Оныңыз рас. «Раушангүл» атты тұңғыш кітабыма ертеректе жазылған әңгіме-новеллаларым топтастырылған. Бұған дейін туындыларым әртүрлі жинақтарға еніп жүрді. Бірақ,  жеке кітап болып шыққаны міне, осы. Шынын айту керек, оның өзінде Жазушылар одағытөрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек қолқа салмағанда әлі де жүре берер ме едім. Ертеректе әңгімелерім әр түрлі басылымдарда жарық көріп тұрды. Ақберен Елгезектің «Кентавр» газетінде де әңгімелерім жарияланған еді. Ақберен ақындығымен қоса жаны нәзік жазушы ғой. Менің тасада қалып, әдебиеттен алшақтап кеткеніме жаны ашығандығы да болса керек. «Осы уақытқа дейін жазғандарыңызды осы кітаппен жауып, өміріңізді тың, жаңа дүниелермен бастаңыз» деген сөздерін де қамқорлығы деп түсіндім.
Мен ең бірінші анамын, әйелмін. Әйел адамның өмірінің көбі бала-шаға, отбасы қамымен өте береді. Менің әдебиеттен алшақтап, кітап шығаруға асықпағаным да осы себепті.  
 

- Туындыларыңызда жастық шақтың жалынды сәттері туралы көбірек жазылған екен. Бұл-қазақ қаламгерлері көп шиырлаған тақырып десек те, сіздің жазбаларыңыз шынайылығымен баурады. Әңгімелеріңіз көркемдік шешімге көбірек құрылған ба, әлде туындыларыңызда өзіңіздің бастан кешкен оқиғалар суреттеле ме?


- Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім. Әрине, барлығы  дерлік деп айтуға келмейді. Жазушы қиялға да көбірек ерік береді. Марқұм Аягүл Мантай «жәй адам есіктің бер жағындағыны көрсе, жазушы есіктің ар жағындағыны көреді» деп айтқаны бар еді. 
Мен өмірде кездескен, көрген оқиғаларымды да кейде өз басымнан өткендегідей жазамын. Кейде кейіпкердің орнына өзімді қойып, соның образын сомдайтын кездерімболады.  Мысалы «Менің жеңешем» деген әңгімені көбі өз басымнан өткен жайттар деп ойлайды. Қазақта баласы жоқ ағайындарына бала беру, бауырына бала салып беру деген дәстүр бар. Мен осыны негізге алып отырып жаздым. Ал «Ерте үзілген ән» атты әңгімем әпкем Әлия туралы болса, «Раушангүлде» өзімнің көргендерім баяндалады. Сондықтан да ешқандай қоспасыз, көркемдеусіз шынайы жаздым. Әңгімелерімнің көбі дерлік тұрмысқа шықпай тұрып жазылған. «Қыз ғұмыр» дәурен ең таза, көңілді кір шалмаған  кез ғой. Бәлкім шығармаларымның шынайы көрінетіні де содан болса керек.


- Новелларларыңызды, әңгімелеріңізді оқығанда публицистикалық сарын байқалады. Бұған бірнеше жыл журналистика саласында жүргеніңіз әсер еткендей.. Шығармашылық қалыптасу жолында журналистика кедергі келтірген жоқ па? 


- Журналистика әсер етті дейтіндей мен бұл салада да көп еңбек еткен жоқпын. Еңбек жолымды мұғалімдіктен бастап, телеведение саласында жалғастырдым. Балалы болғаннан кейін мамандығымды, жазуымды бәрін ысырып қойып, тек отбасы, ошақ қасында, бала тәрбиесімен айналыстым. Өйткені екі нәрсені қатар алып жүру қолымнан келмеді. Он үш жыл үзілістен кейін Кітап палатасында, сосын «Жетісу университеті» газетінде істедім. Сондықтан журналистика кедергі келтірді деп айта алмаймын.
Шығармаларым қарапайым, оқуға жеңіл екенін білемін. Лев Толстойдың бір сөзі еске оралады. «Шығарма қарапайым жазылу керек. Оның тілін қатардағы жүк түсіруші де түсінетіндей болу керек» деген. Жолма-жол ұмытқан болармын, жалпы мағынасы осындай болатын...

 
- Шығармаларыңыздағы кейіпкерлер ойдан шығарылған ба, әлде прототипі бар ма?


- Дені өмірде бар адамдар. «Раушангүл» атты әңгімемнің сексен пайызы басымнан өткен оқиғалар. Ең алғаш алыс түкпірдегі ауылға мұғалім боп барғаным, сондағы ауылдың сұрқай тіршілігі, адамдардың бейберекет тірліктері... өзіме өлердей ғашық болған сол бозбала...бәрі өмірде болған. Адам есейген шағында артта қалған, санасында елеске айналған өмірге бір соқпай өтпейді ғой. «Кімге не істедім, ренжіген, қуанған сәттерім болды ма?» деп есеп береді. Бәлкім осы әңгімені жазуыма да өзім менсінбей кеткен сол бір бозбаланың кіршіксіз махаббатының алдында титтей болса да кінәлі сезінгенім әсер еткен шығар...


- Туындыларыңызды қыдыра шолсақ, ауылдың қарапайым өмірі қаз-қалпында бейнеленген. Біздің ауылдағы адамдар тап сіздің де ауылда жүреді. Ауыл тіршілігін жазу сіз үшін қиын ба, жоқ болмаса таныс тақырып қаламыңызды жүйткітті ме?


- Бәріміз ауылдан шықтық. Сондықтан қолына қалам ұстаған қай қаламгер болсын ауыл тақырыбына бір айналып өтпей қоймайды. Мен табиғаты жағынан бай өлкеде дүниеге келдім.  Кең сахарадай  сар даласы мен сонау асқар Алтайдай өр таулары бар Шығыста дүниеге келдім. Желмен бірге ырғалып, әсіресе күз мезгілінде сыбызғыдай үн шығаратын шөбінің даусын естіп өстім. Өзені де, көлі де бар Үржар аймағында өскенімді мақтана айтамын. Сондықтан ауыл тақырыбын жазу мен үшін ауыр болған жоқ. Ал әңгімелерімнен таныс бейнелерді көрсеңіз  жалпы ауыл адамдарының болмысы ұқсас. Ауыл адамдары аңғал, таза, өмірдің нағыз шынайы келбеті сонда дер едім.


- Замандастарыңыздың алды 4-5 жинағын шығарып үлгерген қуатты буын. Бір ортада жүрген қатарластарыңыздың қандай ілгерілеушіліктер мен іркілісті байқайсыз? Сіздің буын сізге қалай әсер етті?


- Замандас дегенде менің есіме кезінде «Ұлан» газетінде әңгімелеріміз қатарлас шығып жүрген ақын-жазушылар келеді. Мысалы, сол кезде жазушыМадина Омар, сатирик жазушыҮміт Зұлхарова, ақын Танакөз Толқынқызының шығармалары жиі шығатын еді. Бізден жасы кіші жазушылардан  Қанат Тілеуханды ерекше айтар едім. Өйткені, Қанат әйел тақырыбына қалам тартып,  әйел, ана, әпкенің тартысқа толы өмірін, әлемін жақсы суреттеп жазады. Сосын Мақсат Мәлікті, Қанат Әбілқайырды, Қанағат Әбілқайырды, Есболат Айдабосынды, Мұрат Алмасбекұлын, Бейбіт Сарыбайды,  қыздардан Аягүл Мантайды,  Бақытгүл Сармекованы, Жәудір Нартайды айтар едім. Жәудірдің «Фейзбук» әлеуметтік желісінен екі-үш әңгімесін оқып едім. Ұнады. Осындай талантты жастардың келе жатқаны қуантады. Оқырмандардың ерекше ықыласына бөленіп жүрген, шынайы өмірдегі оқиғаларды боямасыз жазып жүрген Торғын Тұрлыбайқызын да атап өтер едім.Жақында жазушы Сайын Мұратбековтың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған байқауда көптеген қалам тартып жүрген жазушыларды көріп, қуандым.  Аттары есіме түспей тұрған жазушылар болса ренжімес. Ал ақындардан  замандас, іні-сіңілдерімнің аттарын бүгін айтып тауыса алмаспын. Бізде талантты жастар көп қой. Байқағаным қазір талғам өзгерген, форма өзгерген. Жастардың көп оқитындығы байқалады. Тіпті жазудағы ерекшеліктерін көріп қуанасың. Бірақ, бір айта кететіні ақын-жазушылар тым батысшыл боп бара жатқан сияқты. Бәлкім оқыған кітаптары да әсер ететін болар. Дегенмен,таланттуған топырақтан ажырамаса дейсің.


- Жақында Алматы төрінде кітабыңыздың таныстырылымы өтеді. Кеш жөнінде аз-кем айтып берсеңіз...

 
- Иә, Алматыдағы атақты Жамбыл кітапханасында таныстырылым жасамақпыз. Бұған мұрындық болып жүрген ақын-жазушының жанашыры Ғазиза Құдайберген. Алосы шараға келген қонақтар менің әңгімелерімнен үзіндіні аудионұсқада тыңдайды. Оны оқитын радио, телевидение саласында жүрген жастар.Қалам ұстаудан бөлек, күйсандықта ойнаймын, оқырмандарға осы қырымды ашсам ба деймін. Басқасы, әзірге құпия қала тұрсын...
 

Байланысты жаналықтар

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

24.09.2024

Мұхтар Мағауин көп әйел алуға қатысты ойын айтты

17.09.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

29.07.2024
MalimBlocks
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

Мұхтар Мағауин көп әйел алуға қатысты ойын айтты

Еуропада әйелге әйел, еркеке еркек үйленіп жатыр

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

300 жыл қатар өмір сүрген Петербургың да білмейді бізді...