ЛГБТ-жастары: әр күніміз үрей мен қорқыныш

Айшолпан КЕРІМ

  • 20.01.2021

Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы сөз көп, дау көп. Алайда, елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты ресми статистика жоқ. Себебі оны ешбір орган жүргізбейді. Ал отбасында жыныстық ерекшелігі үшін қысым көргендердің қарасын да ешкім санап отырған жоқ.  
ЛГБТ БАҚ Kokteam ұйымының дерегінше, отбасында зорлық-зомбылық көретіндердің басым бөлігі осы жыныстық ерекшелікке қатысты. Бірақ, ондай балалар ешкімге шағым айта алмайтындықтан, мұндай зорлық-зомбылықтар тіркелмейді. Өздерін ерекше санайтындар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы толерантты қоғамның орнауына жол ашады дегенге аса сенбейді. Бірақ, үмітті. "Бізді де Құдай жаратты ғой" деген жандардың сөзін беріп отырмыз.

"Мен сияқты балалар ешбір жерге барып араша, сауға сұрай алмайды"

Дамир, 24 жаста

Үш қыздан кейінгі жалғыз кенже ұлмын. Әкем ұлды болғанын көп күтіпті. Жүк көлігінің жүргізушісі еді. Бала кезімде «Камазынан» тастамай, қайда барса да алып жүретін. «КАМАЗ жүргізе білсең, аш қалмайсың» деуші еді. Кейіннен КАМАЗ-дың ең осал жері - электрикасы, соны жасайуды үйреніп алсаң, екі аяғыңды көтеріп қойып жатасың, бүкіл шопырға сөзің жүреді» дейтін. Бірақ, әкемнің арманын, үмітін ақтай алмадым. Камазға да отырғым келмеді, ұл балалармен де сөзім жараспады. Біртүрлі екенімді өзім 12-13 жастан кейін анық сезіне бастадым, әкем де сол кезден маған салқындап кетті. Үйде күнде ұрыс-керіс басталды. Қызып келсе, алдымен шешемді, сосын мені сабап, тепкілеп тастайтынды шығарды. Мен сол күндерді еш есіме алғым келмейді. Кіші шешем жанымды құтқарды, алдымен қалаға алып келді, кейіннен шетелге кетіп қалуыма көмектесті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деп жатырсыз ғой, Қазақстанда бұл азапты меніңше мен сияқты балалар көп көреді. Бірақ, ешбір жерге барып араша, сауға сұрай алмайды.

 "Әулиетті масқара еттің дейді-ау..."

Данира, 18 жаста, Алматы қ., студент

(кейіпкер өз қауіпсіздігі үшін фотосын жариялағысы келмеді)

Ес білгелі бимен айналысамын, үш жылдан бері Vogue бағытында билеймін. Бұл қатардағы бір би түрі емес, дәл бізге – ЛГБТ мәдениетіне қолдау ретінде пайда болған би. Бұл бимен айналысуым - теңдік үшін, адамды бар қалпымен қабылдау үшін күрес, терең философия.

Мен гетеросексуал емес екенімді анық білемін, тек әліге дейін пансексуал немесе бисексуал екенімді анықтай алмай келемін. Ең алғаш отырыс-жиындарда қатарлас қыздар жігіттердің артынан жүгіріп жүргенде жалғыз өзім тек жігіттер емес, қыздарды да ұнататынымды айта бастадым. Осы кезде адамдағы әртүрлі ерекшеліктер маңызды емес екенін түсіндім. Маңыздысы – адамның өзі, өзін ұстауы мен оның жақсы қасиеттері, жан дүниесі.

Басқаша екенімді білу өмірімді жеңілдетті не қиындатты деп айта алмаймын. Алғаш 13 жасымда сезе бастадым, қызық сезім. «Кіммін?» деген сұрақ мазалап, кейін ғаламтордан қарап, бұның да қалыпты нәрсе екенін түсінесің. Мүмкін, білім тұрғысынан пайдалы болған шығар. Себебі, өзің жайлы біліп, өзгелерге, тіпті гомофобтарға қатысты да толерантты болуға тырысасың.

Анаммен арамыз өте жақсы, кез келген тақырыпта әңгімелесе аламыз. Алайда менің қандай екенімді әзірге білмейді. Оны қорқытып алудан қашқақтаймын. Мені дұрыс тәрбиелей алмадым деп уайымдауынан қорқамын. Мүмкін оным бекершілік болар. Түсінер, қабылдар. Алайда жасы үлкен жақындарыңа  «басқаша» екеніңді айту тым қиын. Бірақ әйтеуір бір күні айтарымды білемін.

Достарымның көпшілігі ЛГБТ қауымдастығынан. Ата-анасына өзінің қандай екенін ашық айтқанынан «әулетті масқара еттің» дегендей ауыр сөздер естіп, отбасында, әке-шешесінен, ағайын-бауырларынан түрлі қысым, қоқан лоқы көргендер көп. Өзінің туған үйінде осындай қысым көретіндер үнемі өтірік айтып, өздерін жасырып жүруге мәжбүр. Себебі біздің қатал қоғам құлаққа ілінген бір сырға үшін адамды тепкілеп кете алады.

Меніңше, тек жынды адам ғана біреу саналы түрде гей немесе би болғысы келеді дегенге сенеді.Бізді де Құдай осылай жаратты емес пе, қоғам оны түсінгісі, бізді қабылдағысы келмейді. Сендер сияқты өлтіру керек дейтіндер көп. Күн сайын үрей, қорқынышпен  келеміз.

Қазір фильмдер мен сериалдарға ЛГБТ өкілдері тартыла бастағаны қатты қуантады. Tiktok желісінде де топ өкілдері ЛГБТ қауымдастық жайлы ашық айтып, сауатты контент жасауда. Желідегі 13-14 жастағы аудитория үшін, қоғам үшін мұның пайдасы зор деп ойлаймын.

Мен толерантты, айналасын сыйлайтын Қазақстанда өмір сүргім келеді. Оған жетуге көп уақыт керек. Ал дәл қазір туристі көп, елдің бір-бірімен шаруасы жоқ Амстердам немесе Прагаға кетіп қалғым келеді.

"Болашақта бала асырап алсам деймін"

Балауса, 23 жаста,  Алматы қаласының тұрғыны

Өзім Атырауданмын, Алматыға оқуға түсіп, бітіріп, қазір  осында жұмыс істеймін. Өзімді кейде би, кейде пансексуал деймін, бірақ іштей мұны ұзақ уақыт мойындай алмадым.  Кішкентайымнан қыздарды ғана ұнататынымды түсінбейтінмін. Өзгеше екенімді тек бір-екі жыл бұрын қабылдай алдым. Ішімдегі гомофобпен ұзақ күрестім. Қанша жерден қоғам пікірі маңызды емес екенін білсем де, «Бұл дұрыс емес қой», «Адамдар не дейді, ал ата-анам?» деген ой маза бермеді.

Қазір өзім жайлы ашық айта беремін. Бірақ батыс өңірдің қызы болғандықтан, ата-анам мен жақындарым әлі білмейді, консерватив көзқарастан тартындым. Менен бас тартпас, әрине, бірақ көңілін қалдырудан қорқамын. Бауырларым қалыптасқан сценарий бойынша табысқа жетіп жатқанда, жалғыз өзім түрлі-түсті көзқарастағы бала екенімді әзірге айта алмадым. Инстаграмда өзім туралы ашық жазғаныммен, ата-анам, туыстарымнан парақшамды жасырып қойдым, олар көре алмайды. Ал, достарым мен кейбір әріптестерімнің хабары бар.

Бірақ, жақсысы – мен инстаграмға пост жариялаған соң байланысын үзген достарым болмады. Өзімді қабылдамастан, жақсы ортаға тап болдым. Пост жариялаған күні ерекше қобалжып, кейбір комментарийлерді өшіруге тура келді. Өзім үшін емес, мені қолдайтын достарым сол хейтерлермен ұрысып, жүйкесі жұқарғанын қаламадым. Оның үстіне, «Рақмет!»  дегендер әлдеқайда көп болды. Ол жазбаны қанша уақыт бұрын жарияласам да, жазатындар әлі көп.

Жұмыс орнымда да бәрі жастар. Бірақ оның өзінде бірден ашыла салмаймын. Қарапайым инстаграм алмасу да таныстықтан біраз уақыт өткен соң болып жатады. Мысалы, бірнеше ай бұрын бір қыз бізге жұмысқа орналасты. Алғашында бақылап, сөйлесіп, көзқарасын біліп көрдім. Кейін инстаграм алмасып, тек араға тағы уақыт салып  stories –імді көре алатын болды.

Гомофобтармен күнде бетпе-бет келеміз, физикалық қысым жағынан ер балаларға өте қиын – бәрі инстаграм профильдерін жауып қойған. Ал мені  әлеуметтік желіде келетін хейт қазір қатты алаңдатпайды, иммунитет қалыптасқан болар. Меніңше, біздің толерантты қоғам, менің достарым біз үшін бізден қатты қорқып, бізден көп «өлтіріп кете ме» деп алаңдаушылық білдіреді. Мұның өзі қоғамның жағдайынан хабар береді.

Алматыны ерекше жақсы көремін, бірақ Қазақстаннан көптің неге кеткісі келетінін түсіну қиын емес. Бірінші себебі – консервативті, тым қатал қоғам. Екінщі себеп – заң деңгейіндегі шектеулер. Гендерлік белгілер бойынша ешкімді шеттетуге болмайды дей тұрып, бала асырап алуға заң жүзінде рұқсат жоқ.

Алайда менің болашақта бала асырап алсам деген ойым бар. Мүмкін фильмдердегідей уақытша неке қиып, амалын жасап көруге болатын шығар.

Оқи отырыңыз: Бала тәрбиесін бізге басқа біреу үйрету қажет пе еді?

Меніңше, біздің мәселемізді шешу үшін пикеттер өткізіп, алаңға шығу аса тиімді емес. Біздің қоғамға тек уақыт керек. Бір қуантатыны – бізден кейінгі ұрпақ, енді өсіп келе жатқан балалар өте толерантты. Олар әркім өз қалағанынша өмір сүруге құқылы, адамдар әртүрлі бола алады дегенді түсінеді.

Мүмкін  ата-анам менің жайымды осы жерден оқып білетін шығар. Солай-ақ болсын. Қалай екені маңызды емес, уақыты келген оқиға орын алмай қоймайды. Бастысы – ата-анамның түңіліп кетуіне себеп емеспін: мен есірткі қолданып, ішіп, қаңғырып кеткен жоқпын. Жұмыс істеп, табыс тауып, әр мерекеде ақша аударып тұрамын. Отырып, шай ішіп, мен жайлы әңгімелеспейтін шығармыз, бірақ уақыт өте келе бәрі жақсы боларына сенемін.

Оқи отырыңыз: Заңға қарсылық: Қазақ тілді ортаны манипуляциялау оңай

 

Байланысты жаналықтар

Павлодарда кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген

19.11.2024

Еліміздегі балалар суицидінің орташа жасы – 15-17 жас

22.09.2024

Әйтеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

15.07.2024

Құран үйрететін ұстаз оқушы қыздарын зорлаған

13.06.2024

Павлодар облысында кәсіпорын директоры әйелін бірнеше жыл бойы ұрып-соққан

03.06.2024

Қостанай облысында 57 жастағы ер адам 12 жастағы немересін зорлап келген

27.05.2024
MalimBlocks
Павлодарда кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген

Бұл жағдай сынып жетекшісінің арқасында белгілі болып отыр

Еліміздегі балалар суицидінің орташа жасы – 15-17 жас

Балалар суициді мәселесі арнайы кеңесте қаралды

Әйтеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, оның барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Құран үйрететін ұстаз оқушы қыздарын зорлаған

Екі қыз мұғалім оларды жартылай жалаңаштап, тізерлеп отыруға мәжбүрлегенін айтты.

Павлодар облысында кәсіпорын директоры әйелін бірнеше жыл бойы ұрып-соққан

Оның полиция мен денсауық сақтау саласында таныстары болған.

Қостанай облысында 57 жастағы ер адам 12 жастағы немересін зорлап келген

Қыздың әжесі немересінің емес, күйеуін қорғау үшін адвокат жалдаған