Мәмин мен министрлер вирусқамақтан шықты
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен іссапарға барған соң, үйінде оқшауланған премьер-министр Асқар Мәмин оқшаулаудан шығыпты. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігіне оның кеңесшісі және баспасөз хатшысы Садық Ақыжанов хабарлады.
"Асқар Мәмин коронавирус инфекциясын анықтау хаттамасында көрсетілген мерзім аяқталған соң, оқшаулаудан шықты. Коронавирустің бар-жоғын екінші мәрте тексергенде, екінші рет теріс нәтиже шығып, вирус анықталмады", - деді Садық Ақыжанов.
Сонымен қатар вирусқамақта болған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағаливтер де коронавирусқа екінші мәрте тексерілген.
"Бәрінің нәтижесі теріс. Сол себепті үкімет жетекшісі мен министрлер жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр", - деді С.Ақыжанов.
Мәминнің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысының айтуынша, үкіметтің 80 пайыз қызметкерлері қашықтан жұмыс істеп жатыр. Ал үкіметтің барлық жиналыстары селекторлы режимде өтіп жатыр.