Профессор: «Баланы жанын салып оқытатын ұстаздар сирек болмауы керек»

Мұғалімнің киім киісі, жүріс-тұрысы, адамдармен сыпайы қарым-қатынасы оқушыларға ғана емес, біздердің ата-аналарымызға да үлгі-өнеге болатын

Олжас Қасым

  • 23.06.2023

«Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөз ұранға айналса да, ұстаз мәртебесін көтеру ісі оңайға соққан жоқ.   Мұғалімнің маңызы, қоғамдағы орны қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Бүгінгі мектептің басты міндеті де сол  – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын айқындауға үйрету. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне ­рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Ал бізде  мұғалімге деген құрмет, қарым-қатынас қай деңгейде?   Педагогика ғылымдарың докторы, профессор  Гүлтас Құрманбаймен осы бағытта аз-кем пікірлескен едік.    


- Құрметті Гүлтас Сайынқызы, әл-Фараби  ұстазды аңғарымпаз әрі алғыр адамның санатына қосады. Себебі, «мұғалім ар-ожданын ғұмыр бойы кіршіксіз сақтап өтетін, жақынына да, жатқа да әділетті жан болуы керек»,-дейді. Ұстаздың бет-беделі өзі өмір сүретін қоғамның да ахуалын көрсететіні анық. Десек те, Сіздердің білім саласына келген кездеріңізде ұстаз мәртебесі, қоғамдағы орны қандай еді, қазір қалай?

- «Ұстаз» сөзінің түбірі «ұста» екен. Темір ұстасы, ағаш ұстасы темірден, ағаштан түйін түйіп,  адамзатқа қажетті зат жасап шығарса, адамның ұстасы да дәл солай адамзатқа, қоғамға  пайдасы болатын ақылын ұштаған, мінезін ұстаған, орнын білетін, өнегесі, үлгісі бар адамды білім мен тәрбие көрігінен өткізіп,  дайындап шығарады. Қазақта: «ұстаздың алдын көрген, көрмеген деген» өлшем бар. Біздің кезіміздегі ұстаздардың бойында мүмкін терең академиялық білім болмаған да шығар. Бірақ ол кісілердің бойында ғажап мәдениет, зияттық қасиет, жауапкершілік бар еді. Бар білімін шын ынта-ықыласымен бала әбден түсінгенше үйретіп, тіптім сабақтан кейін алып қалып, есептің шығару жолдарын көрсететін. Содан соң балаға дәл соған ұқсас есепті беріп шығартатын. Бала есепті шығарғанда, маңдайы терлеп қиналса да, нәтижеге қол жеткізген соң қуанып үйіне қайтушы еді...  Мұғалімнің киім киісі, жүріс-тұрысы, адамдармен сыпайы қарым-қатынасы оқушыларға ғана емес, біздердің ата-аналарымызға да үлгі-өнеге болатын. Адам ортаға өнерімен емес, мінезімен сыяды екен. Ол кезде мұғалім мәртебесін ешкім жасап берген жоқ. Ол кісілер өздері адал еңбектерімен ел құрметіне бөленді. Шәкірттері қаншама жылдар өтсе де, бойларында ұстазы берген асыл қасиеттерді сақтайтын. Сырттағы жұрт: «сенің ұстазың  пеленше емес пе?» деп сұрайтын. «иә» деп жауап берсек, «бәсе, сөйлеген сөзіңе дейін ұқсап тұр» деуші еді.

- Кейінгі жылдары мұғалімдердің мәртебесін көтеру бағытында біршама жұмыс атқарылғаны  белгілі. Сонымен қатар еңбекақысы да көбейді. Сіздің ойыңызша, ұстаздың рөлін күшейту үшін тағы қандай қадамдар жасалуы қажет?

- Әрине мұғалімдердің жалақысын көтерген дұрыс-ау... Бірақ  мұғалімнің кәсіби, кісілік дәрежесін қалай көтеруге болады?! Абай айтқандай, «Пайда ойлама, ар ойла» деген сана бар ма? Қайдам-ау?.. Балаға жүрек жылуын беріп, өз мінін түзеп, жанын салып оқытып жүрген мұғалімдерді көп білмейтін болдық. Әрине бәріне топырақ шашпаймын, жақсы мұғалімдер бар. Бірақ көп емес. Меніңше, барлық мұғалімнің жалақысын бірдей көтермей, шәкірттердің білім мен кісілік, адамгершілік  сапасын тексеріп, ұстаздарын марапаттаса, дұрыс шығар. Сонда мүмкін мұғалімдер  талаптанып,  өзін өзі жетілдіруге күш салатын болар.

- Мұғалімнің оқушылармен пе­дагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қи­мыл-әрекетіне дейін жағымды әсер қалдыруы тиіс.  Сіз осы сипаттарды бүгінгі ұстаздардың болмысынан байқай алып жүрсіз бе?

- Педагогикалық қарым-қатынас деген әр мұғалімнің бойындағы кісілігі, адамгершілігі, терең білімі сай болғанда ғана қалыптасатыны белгілі. Педагогика мамандығын таңдап, колледжге, жоғары оқу орнына түскен күннен бастап өз мамандығына қатысты біліммен қатар, ұстаздық этикет, мәдениет,  жұрт алдында өзін ұстау, кез келген жағдаяттан шығу тәжірибелерін, шешендік, т.б  өнерлерді тереңдетіп үйретіп, бәйгеге жаратқан ұстаз-тұлпарды дайындап жіберу керек. Сонда ғана жалындаған жақсы ұстазды көре аламыз.

- Ұстаз туралы жақсы пікірді ата-аналар да  қалыптастыратыны даусыз. Десек те, баласының мінін көрмей мұғалімді кінәлайтын ата-аналар аз емес. Осы ретте оларға қандай ұсыныс-кеңес айтар едіңіз? 

- Ата-ана –  баланың өмірлік ұстазы. Ұяда көргенін жасамайтын бала бар ма? Үйде әділдік орнаса, қарым-қатынаста адалдықты, шындықты көрсетсе, өтірік айтылмаса, бала мектепке барып бұзылмайды. Әділдікті көріп өскен бала мұғалімнен де әділдікті талап етеді. Ұстаз бала бойындағы тарыдай жақсы қасиетті көрсе, қуанып, баланың ата-анасына айтса, ата-ананың да  баласына жақсы сезімі оянады. Мұғалімді баласына мақтайды, міне үйлесім деген – осы.   

Байланысты жаналықтар

Мемлекет балалардың білім алуы үшін ашылған депозитке ақша салмақ

13.11.2024

Кітап оқудың парқы

04.11.2024

Оқушылар күзгі демалыста неше күн демалады?

23.10.2024

Маңғыстаулық педагогтар эвристикалық тағылымдамадан өтеді

17.10.2024

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

05.10.2024

Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде

03.10.2024
MalimBlocks
Мемлекет балалардың білім алуы үшін ашылған депозитке ақша салмақ

Мемлекет тарапынан автоматты түрде 60 АЕК (220 мың) теңге көлемінде қаражат құйылады

Кітап оқудың парқы

Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі.

Оқушылар күзгі демалыста неше күн демалады?

Олардың демалысын тиімді өткізу үшін "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары ұсынылады

Маңғыстаулық педагогтар эвристикалық тағылымдамадан өтеді

Олар «Demeu 2.0» әлеуметтік жобасы аясында білім алады

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

Елімізде еңбек өтілі 30 жылдан асқан 5 мың мұғалім бар

Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде