Сиқырлы сылдырмақ (эскимос ертегісі)

Malim Админ

  • 27.03.2020

Былай болыпты. Бір қыздың әке-шешесі өліп, атасы мен әжесінің қолында өсіп жатыпты. Бірде қызды құрбылары тундраға шақырыпты. Қыз әжесінен сұранып, құрбы қыздарға еріп, көз ұшында мұнартқан тундраға тартыпты. Барған жерлерінде дәмі тіл үйірген өсімдік, тәтті түбір мол екен. Қыздар өсімдік жұлып, түбір қазып жүріп, айналаны ақ түнекке орай жұтып, тұман түскенін байқамай қалыпты. Үн салысып, дабырласып, бірін-бірі іздей бастайды. Бәрі жиналғанда түгендесе, жетім қыз жоқ. «Әке-шешеміз ұрсар», – деп қорыққан қыздар тамақтары қарлыққанша айғайлап, шақырады. Жауап болмайды. Шаршаған қыздар: «Мүмкін, алдыға озып кеткен шығар», – десіп, үйлеріне қайтады.

Ал жетім қыз құрбыларын іздеп, тұманға малтығып, ана бұтаға бір, мына бұтаға бір шалынысып, құлап-тұрып, көп жүреді. Адасқанын білген соң аңырап жылайды. Ешкім ұн қатпайды. Кенет, үңірейген бір тесіктің үстінен түседі. Жан-жағына қарап еді, дәл сондай, апанға ұқсаған тесіктер бірталай. Сілесі қата қалжыраған қыз тесік-апанның аузында отырып, қалғып кетеді. Қатып ұйықтап қалған екен, біреу түртіп оятады. Көзін ашқанда бөтен бір әйелді көреді. Бұлардың қыстақтарында ондай әйел жоқ болатын. Әйел:

– Не істеп жүрсің мұнда? – деп сұрайды.

Қыз айтыпты:

– Өсімдік теріп, тамыр қазып жүргенбіз, қалың тұман басып, мен адастым. Құрбы қыздар үйлеріне қайтып кеткен сияқты. Іздеп, іздеп, жол таппай шатасып, осы араға келгенде шаршап, ұйықтап қалыппын, – депті.

Әйел айтыпты:

– Жүр ендеше менің үйіме, – депті.

Қызды ертіп апанға кіріпті. Ой керемет! Әйелдің жертөлесі кең де жарық екен, жерде тамақтың не түрі үйіліп жатыр. Әйел қызға таңсық ас – киттің құйқасы мен бұғының етін беріп, лықа тойдырыпты.

Әйел жетім қызға былай депті:

– Әзірше осында тұра бер. Мен күн сайын аңға кетемін. Сен үйде болып, қалаған тамағыңды алып же. Мен кеш келемін.

Сөйтіп, жетім қыз бейтаныс әйелдің жертөлесінде тұрып жатады. Әйел таңертең ерте, қыз оянбай кетіп, қас қарая бір-ақ оралады. Құр қол келмейді, бірде киттің етін, бірде бұғының етін арқалап келеді. Қарын тоқ, қарын тоқ болған соң, қайғы да жоқ.

Ал қыздың атасы бұл уақытта көршілерді ертіп, аяқ жетер жерді түгел қарап шыққан. Ақыры үмітін үзіп, жылай-жылай үйіне қайтқан.

Ертегінің аудионұсқасын тыңдасаңыз болады

Бір күні әйел сұрады:

– Сен шал-кемпіріңді сағынған жоқсың ба? – деді.

– Сағындым, бірақ үйге қалай жетемін? Үйімнің қай тұста екенін, атам мен әжемнің қайда екенін білмеймін, – деп жауап қайырады қыз.

– Мен жақында ұзақ ұйқыға кетемін. Сенің ішің пысып, кемпір-шалыңды қазіргіден де қатты сағынатын боласың. Ал ол екеуі сені ойлап-ойлап, таңды көзімен атырады, бір-біріне маңдайларын сүйеп, түні бойы тік отырады, – деді әйел.

Мұны естіген қыз жылап жіберді.

– Мені үйіме апаршы, – деді.

Сонда әйел:

– Жарайды. Бірақ әуелі саған ән үйретейін. Егер үйреніп алсаң, той-думанда алдыңа жан түспейді, шеніңе ең мықты бақсы, әнші жетпейді, – депті.

Тағы қараңыз:

Әйел сылдырмағын қолына алып, жайлап сілкіп, ән бастайды. Қыз бұрын-соңды мұндай жұмбақ, мұндай әсерлі ән естімеген еді. Әрбір иірімін, әрбір сөзін жаттап, әйелдің ән айта жүріп, билеген биінің әрбір қимылын жадына тоқып тұрады. Әйел әнін бітірген соң:

– Қалай, үйрендің бе? – дейді.

Қыз күліп:

– Қағып алдым, – деп мәз болады.

– Үйіңе барған соң той, мерекелерде бірде-бір сөзін, әуенін бұзбай айт. Енді киін, шығарып салайын сені, – дейді әйел.

Сыртқа шықса, жаз өтіп, күз түскен екен. Екеуі ұзақ жүреді. Күн батып, төңірек қап-қараңғы түн құшағына сіңеді. Кемпір-шалдың ярангасына* бұлар түн ортасында зорға жетеді.

– Енді өзің бар. Менің қайтуым керек, – дейді әйел. Бұрылады да, жүре береді. Қыз соңынан қараса, әйел жоқ. Жаңа әйел кетіп бара жатқан жолмен бүлкектеп бір аю ұзап барады. Қыз өзінің ұрғашы аю – кірекейдің қолында тұрғанын сонда ғана түсінеді.

Қыз ярангаға келіп сығалағанда бірімен-бірі маңдайларын түйістіріп, мүлгіп отырған атасы мен әжесін көреді. Қыз есікті жұлқылап, дауыстайды. Шал-кемпір оянып:

– Ау, мынау біздің баланың даусы ғой! – деп еңірей жөнеледі.

– Иә, бұл мен. Есік ашыңдар! – дейді қыз.

Ертегіні YouTube арнамыздан да тыңдауға болады

[embed]https://www.youtube.com/watch?v=fOaTl0l4Xpo&feature=youtu.be[/embed]

Шал-кемпір есік ашып, немерелерімен жылап көріседі. Тамақтандырып, төсекке жатқызады. Ертесіне құрбы қыздары келіп, қайда болғанын, қайдан келгенін сұрайды. Қыз өзі бастан кешірген оқиғаны ешкімге де айтпайды.

Шал-кемпір қуанып, той жасайды. Қонақтар ішіп-жеп болған соң, ертегі айтысады. Барлық ертегі айтылып біткен соң, бақсылар жарысына кезек келді. Бір бақсы моншағын уатып тастап, аса таяғымен түртіп еді, бүлінбеген қалпына қайта келді. Енді бір бақсы морждың азуын бір дем салып, қақ айырды. Ең аяғында әншілер ортаға шықты.

Қыз әжесіне:

– Мен де әншілер бәсекесіне қатысайыншы, – дейді.

Мұны атасының құлағы шалып, кемпірінен сұрайды:

– Қызымыз не айтты? – дейді.

Кемпір:

– Қызың әншілермен өнер жарыстырғысы келеді, – дейді.

Шал:

– Е, онда не тұрыс? Айтсын, – деп рұқсатын береді.

Ал қонаққа келген кемпірлер пыш-пыш сөз қозғап:

– Мына көргенсіз нағыз бақсылармен, нағыз әншілермен тайталаспақшы, – деседі.

Қыз яранганың ортасына шығып, әйел берген сылдырмақтың қоңырауларын сыңғырлата сілкіп, баяу дауыспен әндетеді. Даусын шырқай көтергенде сыртынан шу естіледі. Теңіз күңіреніп, тұңғиығынан ақ жал толқындар өріп шыққандай болады. Шуыл күшейе түседі. Кенет шылп-шылп ұрған толқынның дыбысы естіліп, есіктен лықсып су кіреді. Қыз сылдырмағын сермей сылдырлатып жібереді. Сол кезде су қайтып, шуыл сап тиылады. Қараса, есік алдында төбе-төбе боп неше түрлі тәтті-дәмді теңіз өсімдіктері қалыпты. Қыз оларды жиып, тегешке салып, қонақтарға тартады. Қонақтар таңырқасып, таңдай қағысады. Сол сәтте қыз сылдырмағын яранганың керегесін нұқып қалады. Нұқыған жерден шапшып, мөлдір су шығады. Жаңағы таңырқау – таңырқау ма, қонақтар тілі байлана мелшиіп қалады. Содан соң бүкіл жұрт қыздың ұлы өнерін бір ауыздан мойындайды. Бірде-бір той-думан, мереке-мейрам, әншілік, бишілік сайыстары жетім қызсыз өтпейтін болады.

*ярангаСолтүстік-шығыс Сібірдегі біраз халықтың қос іспетті тұрғын жайы. 

Аударған Ғалым Доскен. «Алтын сырнай» кітабынан.

«Өнер» баспасы, 1992 жыл

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

02.06.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021
MalimBlocks
Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

Неге Ресей элитасы Қазақстанға ақпараттық шабуылын күшейтті?

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)