Жанжал мен буллингтің негізгі белгілері
Ата-аналар мен мұғалімдерге қорлау белгілерін тану өте маңызды. Буллингті анықтау – кемсіту, шеттету жағдайларын тоқтатудың алғашқы қадамы. Психолог, Қазақстан кәсіби психологтар лигасының мүшесі Лимана Құттыбекқызы осы проблеманы көптен бері зерттеп жүрген маман. Психолог буллингке ұшыраған балалармен кешенді жұмыс істеп, оларға ақыл-кеңесін беріп келеді. Оның айтуынша, егер ата-ана баланың бойынан деструктивтік мінез байқаса баса мән беруі керек. Яғни ұл-қызыңыз басқаларға қысым көрсетіп, мазақтап, келемеждеп, намысына тиетін болса оның соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан осы бастан өзекті мәселені тоқтатуға күш салған абзал. Ол үшін буллинг пен жанжалдың негізгі белгілерін білу қажет. Төменде психологтың буллинг пен конфликтің басты 5 белгісі туралы пікірін беріп отырмыз.
Бірінші және ең негізгі айырмашылық – қорқыту кезіндегі күштің сәйкессіздігі. Жанжал туындағанда екі жақтың да жағдайға ықпал ету күші бірдей. Ал буллинг жағдайында күштің сәйкессіздігі байқалады. Буллинг жасалғанда қос тараптың жас айырмашылығы сәйкес келмеуі мүмкін. Буллинг жасаушының басқа адамға күш көрсетерлік белгілі бір қасиеттері немесе мәртебесі болады. Ол спортпен айналысады, өз ортасында сенімді, беделді, сенетін ағалары, достары бар. Оның дауысы жарқын, ол өзінің жасаған әрекетін кез келген уақытта ақтап ала алады. Яғни бала буллингке сенімді түрде барады. Ал буллингке өзіне сенімсіз, үнемі ата-анасының назарынан тыс қалған, бір емес бірнеше рет соққы көрген балалар ұшырайды. Оқушының жүрген жүрісінен, бет әлпетінен өзіне деген сенімсіздік байқалып жатады. Ол еңкейіп, жерге қарап жүруі мүмкін, сенімсіз сөйлейді, дауысы бәсең болады. Қорлық көрген адам өзін тең емес, бірақ дәрменсіз сезінеді. Жәбірленушіні эмоция қысып тұрғанымен қорғана алмайды. Бұзақылық кезінде тараптардың бірі әрқашан өзін жоғары сезінсе, екіншісі езілген, күйзелген сезінеді. Бұзақылықтың құрбаны бұл күш теңдігін өздігінен түзете алмайды.
Жанжалдан буллингтің екінші айырмашылығы - әрекеттің қасақана жасалуы. Конфликт жоспарланбайды, ол кездейсоқ болады. Жанжалда эмоциялар ауқымды және тіпті агрессивті әрекеттерге әкелуі мүмкін, бірақ әдетте екі жақ та оны тоқтатқысы келеді. Буллинг-бұл жоспарланған қорлау және басқаларға зорлық-зомбылық жасау. Буллингтің мақсаты: қасақана азап пен зиян келтіру. Кім қорласа, жағдайды аяқтауға немесе тоқтатуға мүдделі емес. Буллингті жалғастырғысы келеді. Кемсіту, шеттету әрекеттерін бала қатарластарының назарын өзіне аудару үшін жасайды. Кейде өзінің ішкі менін қалпына келтірмек болып та осындай қадамға баруы мүмкін .
https://www.youtube.com/watch?v=Aorfmeptr9E&feature=youtu.be
Лимана Құттыбекқызының айтуынша, конфликт белгілі бір себеп бойынша туындайды. Екі тарап та болған жағдайға жауап бере алады. Ал буллинг кезінде күш көрсетуші мен буллинг құрбанының арасында себеп болмайды. Бұл мәселенің үшінші айырмашылығы. Яғни күш көрсетушінің тарапынан жасалатын қорқыту бір жақты болады. Көп жағдайда мектеп мұғалімдері оқиғаның мән-жайынан хабарсыз болғандықтан зардап шегушіні кінәлауға бейім. Себебі, жәбірлеуші жарқын дауысымен басымдыққа ие болады. Ал құрбан тұйық мінезімен, қарсыласынан именгендіктен тағы да елеусіз қалып отырады.
Төртінші белгі: әрекеттің ұзақтығы мен қайталануы. Жанжал - бір уақытта ғана болады. Буллинг - бұл тұрақты, мақсатты түрде қайталанатын, ұзақ уақытқа созылатын әрекет. Жанжалда қорлау әрекеттері болмайды. Ол аз уақыттың ішінде шешімін тауып жатады. Ал буллингте қорқыту, қорлау әрекеттері байқалады. Соның салдарынан жәбірленуші тарап жарақат алады. Қасақана жасалған қысым жалғаса беруі мүмкін. Қазіргі кезде буллинг көбінесе қаржылық тұрғыда жиі орын алады. Ал ақша жинаудың соңы қылмысқа алып келеді. Бала қорлау, боспалау қадамына негізінен ішкі қысымдарынан арылу үшін барады. Өйткені эмоция сыртқа шығуы керек. Эмоцияны шығаруды ұл-қыздар буллинг жасау деп ұғынып қалатын сәттер аз емес.
Бесінші белгісі: конфликт шешілуі мүмкін. Оған ұстаздар, ата-аналар араласып мәселе оң шешімін тауып жатады. Я болмаса өздері достасып кетеді. Ал буллингті тек тоқтатуға болады. Ары қарай жалғасуы мүмкін. Жанжал тараптардың күшімен шешіледі. Буллинг – ересектердің араласуымен уақытша тоқтауы ықтимал. Көп жағдайда жәбір көрсетуші оқушы ұстазының немесе ата-анасының назары сәл тайған кезде бопсалауын жалғастырады.
Оқушылар бір-бірін кемсітіп, мазақтап жатқанда біз оларға ойын баласы деп қарап, мән бермеуіміз мүмкін. Соның кесірінен әлсіз бала тұрақты түрде зардап шегеді. Мәселен, оқушылар бір бірінің сөмкесін лақтырып ойнайды, жеке затын тартып алады, физикалық зақым келтіреді. Мәселенің алдын алмаса басқа балалар да буллинг жасаушылардың санын толықтыруы ғажап емес. Мұның соңы күйзеліске, сенімнің жоғалуына, басқа да қиындықтарға апарып соғады.
Р.S Проблеманың алдын алу үшін бірінші баланың ойы, пікірі тыңдалу керек. Бала орын алған жағдайға орай жылауы, ренжуі, өкінуі мүмкін. Қалай да бүлдіршіннің ішкі сезімі сыртқа шығуға тиіс. Мәселе үлкендер тарапынан тыңдалғаннан кейін нәтиже шығару қажет. Мұндай уақытта оқушылар арасында топпен тренингтер өткізу қажеттілігі туындайды. Жақсы қарым-қатыныс орнату мақсатында жаттығулар жасалуы қажет. Мектептерде жақсылық жасау марафонын ұйымдастыру, ешқандай себепсіз сыйлық беру сынды шаралар атқарылса құба-құп. Бұл қадамдар іштегі эмоцияны ренішпен емес, жақсылықпен шығарудың бір жолы. Ата-аналар осындай жайттарды байқаған кезде ойын баласы ойнайды да қояды, ертең ұмытылып қалады деп біледі. Баланың ісіне есі кеткен араласады деп кейде мән бермей жатамыз. Егер бала бойында қысым көрсету, әлімжеттік жасау әдеті қалыптасса ертең қылмысқа алып келуі мүмкін. Сондықтан қазірден бастап бүлдіршінді тура жолға бағыттай білгеніміз жөн!
Бейнероликті Unsiz qalma – YOUTUBE арнасынан, @unsiz.qalma инстаграм парақшасынан көре аласыздар.
Бұл жоба АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы “Media CAMP — Орталық Азия” бағдарламасы аясында дайындалды. «Únsіz qalma» ұжымы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың, АҚШ үкіметінің немесе Internews ұйымының ұстанымына сай келмеуі мүмкін.