Ақтауда ауаға химиялық жаман иіс тарап жатыр

Ақтау қаласында ауадағы химиялық иістің көзін Маңғыстау облысының Экология департаментінің мамандары анықтады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығында ведомство басшысы Армат Жүсіпқалиев мәлімдеді. Ол мамандар қала тұрғындарының, сондай-ақ Мұнайлы ауданының көптеген шағымынан кейін тексеру жүргізгендерін атап өтті, депжазады Lada.kz.
"Тазартылмаған, тұрып қалған сарқынды сулар Ақтау мен Мұнайлы ауданына жайылып, ары қарай тарайды. Бұл мәселені шешу үшін "КОС-2" тазарту қондырғысын жаңғыртып, тек тазартылған суды ағызуды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, экологиялық тексеру барысында "Mangystau Oil Refining" ЖШС-ға жалпы сомасы 2,8 млн теңге көлемінде алты әкімшілік айыппұл салынды. Департамент берген нұсқамаларға қарамастан, кәсіпорыннан шығатын өткір иіс мәселе әлі де шешілмеген. Нормативтен тыс шығарындыларды азайту үшін мұнай өңдеу жабдықтарына сүзгі элементтерін орнату қажет", - деп атап өтті Армат Жүсіпқалиев.
Жағымсыз иіске шағымдар Өмірзақ ауылы мен Ақжелкен елдімекені тұрғындарынан да келіп түсуде, деп атап өтті Жүсіпқалиев.
"Ақтау" темір жол эстакадасы БМАС (бас мұнай айдау станциясы) – жағымсыз иіс көздерінің бірі. Оны жою үшін "теміржол эстакадасын иістен тазарту қондырғысын енгізу" жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, шикі мұнай иісінің таралуын болдырмау үшін жанар-жағармай құю станциясын жаңарту қажет. Аталған проблеманы шешу үшін облыс тұрғындарын алаңдататын кешенді шаралар қабылдануда", - деді Армат Жүсіпқалиев.
Фото: unsplash

Ең көп оқылған
