Орман өрті едәуір азайды
IMAGE: ©gov.kz
Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі тараптарынан жасалған профилактикалық шаралар айтарлықтай нәтиже беріп отыр.
Орман өрті – еліміз соңғы жылдарда бастан кешіп отырған үлкен проблемалардың бірі. Өрттің алдын алудың және орман шаруашылығының басты мәселелерін ашып берген 2023 жылғы «Семей орманы» резерватындағы ірі өрт деуге болады. Ол кезде өрт 30 мың гектарға дейінгі аумақты жалмап, айдан астам уақыт созылған болатын. Өкінішке қарай, адам шығыны да болды. 14 азамат қаза болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде мониторинг қызметін күшейту туралы бірқатар нұқсаулар берген болатын. Оның ішінде – бақылаудың цифрлық құралдарына мән берілді.
Экология министрлігінің мәліметінше, биыл орман өрті 3 есеге азайып отыр. Мұндай көрсеткіш өртті бастапқы кезеңінде анықтайтын антенналардың арқасында мүмкін болыпты. Тәуекелі жоғары – Алматы және Көкшетау ұлттық паркі, Ертіс орманы, Бурабай сияқты мекендерде 30 метр болатын антенналар орнатылған.
Сонымен бірге, заманауи технологиялық жарақтардың көмегімен өртке шалыну ықтималдығы жоғары 23 орман шаруашылығы анықталып отыр. Олар - Жасыл аймақ, Баянауыл, Қарқаралы шаруашылықтарында шоғырланған.
Бұларға қоса, табиғи полигондар мен ауа сапасын жерсеріктер арқылы бақылау, заңсыз ағаш кесуді болдырмау сияқты жұмыстар цифрландырылу үстінде. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент директоры Төрегелді Айнабековтың айтуынша, саланың алдағы бес жылдағы цифрлық трансформациясының жол картасы дайындалған. Бұл шараларда ЖИ, бигдата, блокчейн технологиялары қолданылады. Сонымен бірге, қоршаған орта мен табиғи ресурстар банкі құрылып, экологиялық мәліметтер бір жерге жиналып, талданатын болады.