Су тасқыны қаупі. Ақмола облысында 80 шақырым жол жабылды

Ақмола облысында еріген судың жолды басуына байланысты Көкшетау – Атбасар тас жолының 103-184 шақырымы, Балкашин – Атбасар учаскесінде көліктің барлық түріне қозғалысқа шектеу қойылды. Бұл туралы “Қазавтожол” хабарлама таратты.
Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Ақмола облысы Бұланды ауданында су деңгейі төмендеп жатыр. Су тасқыны салдарын азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатқаны хабарланды.
Иванковка ауылында бірнеше жеке тұрғын үйді су басқан.
“Капитоновка ауылында Бақсұқ өзеніндегі су деңгейінің жоғарылауы нәтижесінде түнде 41 адам, оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Новобратское ауылында 70 адам, оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланғандар туыстарына орналастырылған. Сонымен қатар, 757 бас мал мен 471 құс құтқарылды” деп жазылған ведомство хабарламасында.
Су тасқыны салдарын жоюға жеке құрамның 300-ге жуық маманы және 156 бірлік арнайы техника жұмылдырылған деп айтылады.
Фото: Төтенше жағдай министрлігі