Туристік анимацияны қалай игереміз?

Malim Админ

  • 14.02.2025

БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымының (WTTC) есебінше, 2024 жылғы әлемдік ЖІӨ-гі туризмнің үлесі 10 пайызды құрап, 11,1 триллион долларға жетті. Туристер үшін ең тартымды ел – Франция. Өткен жылы бұл елге 89,4 миллион турист келді. Ал Испанияға 83,7 миллион, АҚШ-қа – 79,3 миллион, Қытайға – 65,7 миллион, Италияға – 64,5 миллион, Түркияға 51,2 миллион адам саяхаттады.

ЖАҢА БАҒЫТ – ТУРИСТІК АНИМАЦИЯ

2024 жылы бүкіл әлем бойынша туристер ша­мамен 1,4 миллиард рет саяхаттады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайызға арт­ты. Яғни, жаһандық туризм индустриясы COVID-19-ға дейінгі деңгейге жетті. Бұл тура­лы Дүниежүзілік туристік ұйымы (WTO) мә­лімдеді.
Туризм саласын әлем елдері экономи­ка­сы­ның негізгі драйверіне айнал­дыру­да турис­тік анимация қозғаушы күшке ие. 
WTO бағалауы бойынша, Еуропа елде­рі­нен бөлек, Азия-Тынық мұхиты мен Оңтүстік Азиядағы туристік орталықтардың тартым­ды­лығы артып келеді. Әлем елдері туризмді да­мытуда жаңа бағытты іздестіріп, заманауи тех­нологияны іске қосуда. Сондай жаңа бағыт­тың бірі – туристік анимация.
Бұл сала ойын-сауық және мәдени ин­дуст­­рияның маңызды бір бөлігі саналады. Яғ­ни, саяхатшылардың тәжірибесін байытып, ту­ристік орындардың тартымдылығын арт­тыратын маңызды құрал. Ол тек ойын-сауық емес, сонымен қатар мәдени мұраны сақтау, эко­номикаға үлес қосу және инновацияны да­мыту құралы.
Туристік анимацияның табыс көзі – би­лет сатылымы, сауда және мерчандайзинг қыз­меті, тамақтану және қонақүй бизнесі, фес­­тивальдер, мәдени және спорттық іс-шараларды қам­тиды. Мәселен, Францияның Марне-ла-Валле қа­ласындағы Disneyland ойын-сауық сая­бақ­тары жыл сайын 2,5 миллион жиһанкезді қа­былдап, 150 миллион еуро табыс табады. Та­ғы бір мысал – АҚШ-та­ғы Сан-Фернан­до­дағы Universal Studios Hollywood мерчан­дай­зингтен жылына 500 миллион доллар кіріс кіргізеді. Венеция карнавалы – қалаға жыл сайын 250 миллион еуро әкеледі. 16 күндік Октоберфест (Герма­ния) фестивалі кезінде қа­ла­дағы қонақүйлер 100 пайызға толып, жер­гілікті бюджетке 1 миллиард еуродан ас­там табыс түсіреді.
Туристік анимация ілгерілеген жағдайда кө­лік, қонақүйлер, мәдени нысандардың сер­вистік қызмет сапасы артады. Таяу Шы­ғыс­тағы бірінші Дүниежүзілік ЭКСПО алаңын­да салынған Expo City Dubai 8 мил­лиард доллар инвестиция тартып, бүгінде жиһанкездер үшін тартымды орынға айналды.
Туризмнің бұл саласында 3D анима­ция­сының орны зор. Мәселен, Лондон қала­сын­дағы Harry Potter Studio Tour музейі саяхат­шы­ларға қызықты, тартымды. Өйткені онда келу­шілер Гарри Поттер фильмінде жүрген­дей сезіндіреді. Ал Колизейдегі гладиаторлық шоу көрерменге Рим дәуіріндегі шайқасты бастан кешіргендей әсер береді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИСТІК АНИМАЦИЯ 

Үкімет туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бе­кітті. Құжатта туристік салада 800 мың адам­ды жұмыспен қамтуды, тұру және тамақ­тану қызметіндегі инвестицияны 260 мил­лиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлады.
Туризм және спорт министрінің орын­ба­сары Ержан Еркінбаевтың сөзінше, ел аума­ғын­да MICE туризм мен туристік анимацияны да­мыту, саланың инфрақұрылымын, ло­гис­тикасын, сервис сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүйеленуде.
Қазақстан бойынша Алматы, Астана жә­не Шымкент қаласы, Маңғыстау және Атырау об­лысы туристер үшін тартымды саналады.
Жыл сайын Париж, Берлин, Дубай, Ыстам­бұл сынды қалалар миллион­да­ған саяхатшыға қызмет көрсететін болса, біз­дің елде мұндай ағымдағы адамдарды қа­былдау қиын. Мәселен, Астана қаласында 17,3 мың орынға арналған 188 қонақүй, 27 хос­тел қызмет көрсетеді. 
Туристік анимацияның құрамдас бөлігі ре­тінде елде этнотуризмді дамытуға мүм­кін­дік мол. 
Көшпенділер шоуы – ежелгі батырлардың шай­қасын және ұлттық ойындар фестива-
лі – көкпар, бәйге, садақ ату, аударыспақ сын­ды ұлттық ойындармен туристерді қы­зық­тыруға болады. Алматы мен Астанадағы ани­­­­­­мациялық ойын-сауық парктерін жаң­ғыр­тып, тұрақты табыс көзіне айналдырған дұрыс.
– Былтыр достармен бірге Дубайға сая­хат­тадық. Бір күнді сондағы Болашақ му­зейі­не арнайы бөлдік. Планетаның проблемасына жаңа­ша көзқараспен қарап, биоинженерия са­ласындағы озық технологиямен таныстық. Қа­зақстанды халықаралық деңгейде тар­тым­ды туристік орталыққа айналдыруда осындай біре­гей жобаларды жетілдірген дұрыс. Дубай му­зейі 2071 жылға дейінгі өзгерістерді ұсын­са, бізде 5,5 мың жыл бұрынғы Ботай мә­де­ниетіне виртуалды саяхаттайтын заманауи му­зей ашуға болады, – деді елорда тұрғыны Перизат Бекнұр.
Қазақстанда туристік анимацияның перс­пективасы зор. Мәселен, Алтын адам мен Сақ мәдениетін 3D модельдеу арқылы Алтын адамның бұрынғы кейпін қалпына келтіруге болады. Ортағасырлық Отырар қаласын AR/VR технологиясы арқылы тарихи тұрғыда қай­­та жаңғыртса қандай жақсы?! Алматы­дағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортын турис­терге интерактивті картада көру мүм­кін­дігін ұсы­на алады. Қазақ­станның көрікті жерле­рін  виртуалды сая­хат – Metaverse ту­ризм фор­матында дамытудың ар­тық­шы­лығы бар. 3D ани­мация­ға негізделген көр­ме­лер мен экспо­зи­ция­лар ұсы­на­тын му­ль­ти­медиялық музейлерді құруға бола­ды.

САЛАНЫ 3D АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ МҮМКІНДІГІ

3D анимация туристік ин­дустрияда маңыз­ды рөл атқара­ды, ол виртуалды тур­лар­ды, интерак­тивті карталарды және көрік­ті жерлер мен орын­дарды көрсетудің инно­ва­циялық тәсі­лін жасауға мүмкіндік береді.
Туризм саласындағы 3D анимациясы сая­хатшыларды виртуалды шындықтың таңғажайып әлеміне енуге мүмкіндік беретін жаңа бағыты. 
Бүгінде туристер саяхатқа шықпас бұрын 3D технология арқылы қонақ­үй­лер­ді, тарихи орындарды немесе ұлттық парктерді виртуалды түрде көріп, бағалайды.
Бастысы, археологиялық ескерткіштер мен тарихи орындарды 3D модельдеу арқылы бо­лашақ ұрпаққа қалдыруға болады.
Ұлыбританиядағы Лондон музейі тарихи оқи­ғаларды 3D форматта қайта жасап, турис­­терге ерекше тәжірибе бере алады. Мұндай тә­жірибе Қытайда да бар. Ұлы Қытай қор­ға­нының кейбір бөлігін 3D анимация арқылы қай­та жаңғыртып, саяхатшыларға толық вир­туалды шолу жасауды ұсынады. Канада та­биғи қорықтар мен туристік бағыт­тарды ви­зуалды түрде таныстыру үшін 3D тех­но­логиясын пайдаланады. 
Озық елдер жасанды интеллекті мен 3D ани­мацияны біріктіріп, виртуалды саяхаттың сапасын арттыруға мән беруде.
Павлодар қаласында Ertis атты бірегей муль­тимедиялық музейі бар. Бұл орталықта за­манауи технология арқылы тарихи кезең­дерді виртуалды көруге болады.


– Жалпы, 3D анимация түрлі тарихи ке­зең­дерді визуализациялап, виртуалды сая­хат­шыға тың ақпарат береді. Біздің музейде Ал­тын Орда кезеңі туралы real book (муль­ти­медиялық кітап), интерактивті киім-кешек бөл­месі (келуші Қимақ және Алтын Орда жауын­герінің әскери жабдықтарын киіп көре алады), Павлодар облысының пайдалы қаз­ба­лар кен орындары туралы арнайы тач-пане­лінің көмегімен білуге болады. Осындай артықшылықтар музейге адамдардың көптеп келуіне мүмкіндік береді. 2024 жылы музейге 20 мыңнан аса адам келіп, тамашалады, – деді музейдің директоры Арман Алиакпаров.


Расында, туризмдегі 3D анимация сая­хат­шылар үшін бірегей мүмкіндіктер мен перс­пек­тиваларды ашады. Енді сіз арнайы 3D экс­курсиялар мен интерактивті турлардың кө­мегімен әлемнің ең танымал көрікті жер­леріне, планетаның шалғай бұрыштарына бару­ға және тіпті уақыт бойынша саяхат­тауыңызға болады.
Бұл инновациялық үрдіс қазірдің өзінде ту­ризм индустриясында мойындалып, тез қар­қын алып, саланың ажырамас бөлігіне айналды. 
Туризмде 3D анимацияны қолданудың та­ғы бір маңызды аспектісі – виртуалды тур­ларды құру мүмкіндігі. Бұл технология тұ­тыну­­шыларға қонақүйге, курортқа, музейге кел­­генге дейін ондағы сервистік қызметті се­зіну мүмкіндігін ұсынады. 
3D анимациясының арқасында саяхат­шы­лар әлемді жаңа форматта көру мүм­кін­дігіне ие болады. Екінші жағынан, туристік биз­нестің дамуын жеделдетеді.

P.S.: 

Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, туристік анимация жиһангерлердің қызығушылығын арттырып, саяхаттау процесін барынша әсерлі етуге көмектеседі. Біздің Үкімет пен кәсіпкерлер туризмді табысты салаға айналдырғысы келсе, онда туризм саласына заманауи технологияны енгізіп, сервистік қызмет сапасын арттыруы керек. 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ, "Түркістан"