Екібастұзда 59 жастағы павлодарлық азамат екінші қабаттағы ашық терезе жанында отырған баланы құлап кетуден аман алып қалды. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба арқылы белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға демалыс күндері болған. Ер адам ұлына қонаққа келген. Немересімен бірге балалар алаңында жүрген сәтте ол көпқабатты үйдің екінші қабатындағы ашық терезе алдында отырған баланы байқайды. Бала терезеден ойыншықтарын сыртқа лақтырып ойнап отырған.
Тоқан Байділдиннің айтуынша, алғашында ол балаға «үйге кір» деп ескерту жасаған, алайда бала мән бермеген. Қауіптің өте жоғары екенін түсінген ол бірден әрекет етуге шешім қабылдайды.
Ер адам бірінші қабаттағы темір тор арқылы жоғары өрмелеп, екінші қабаттың балконына шыққан. Кейін терезеге жақындап, баланың ата-анасын дауыстап шақырған.
Видеода оның тар балкон жиегінде тұрып, көмекке шақырған сәті анық көрінеді.
Кейін анықталғандай, бала сол кезде үйде анасымен бірге болған. Анасы бір сәтке алаңдап қалған. Ер адамның сөзінше, анасы жүгіріп келіп, баланы құшағына алып, терезені дереу жапқан. Осыдан кейін ол есікті қағып, пәтерге кіріп, қауіпсіз түрде төмен түскен.
«Мен үшін ең маңыздысы – уақытында үлгеру болды. Әр секунд қымбат еді. Өзім де ата болғандықтан, баланы өз немеремдей уайымдадым. Өз қауіпсіздігім туралы ойлауға уақыт болған жоқ», – дейді ол.