Павлодар облысында науқастың достары дәрігер мен медбикеге шабуыл жасады. Полицияның мәліметінше, медицина қызметкерлері жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.
Оқиға 12 сәуірде таңертең Екібастұздағы травмпунктте болған. Ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Онымен бірге масаң күйде болған екі досы да келген. Еріп келгендер агрессивті әрекет танытып, медицина қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аспаған.
“Бөлмеден шығудан бас тартқан жас жігіттер дәрігерге соққы жасай бастаған. Жағдайға араласуға тырысқан медбике де дене жарақатын алды. Қазір зардап шеккен екі медицина қызметкері де ауруханаға жатқызылды”, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Екібастұздың үш тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық қызметкерлерге қатысты күш қолдану дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. Онда медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің өміріне, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұғу үшін жауапкершілік қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ер адам психикалық денсаулық орталығында науқастарды қабылдап жүрген фельдшерге шабуыл жасағаны хабарланған еді.
Оқиға 3 сәуір сағат 18:30 шамасында болған. Дәрігердің сөзінше, бейтаныс ер адам ауруханада жатқан науқасты қабылдауды сұраған. Фельдшер ер адамға ешқандай дөрекі сөз айтпай, сабырлы және сыпайы жауап бергенін айтты. Алайда келуші агрессия көрсетіп, дөрекі сөздер айтқан. Ер адам фельдшерді мойнынан ұстап, тұншықтырып, бетін жұдырықпен ұрған. Сол кезде басқа бөлімшеден күзетші келіп, ал келуші клиникадан шығарылды.
Астана полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы қызметтік міндетін атқару кезінде медицина қызметкеріне күш қолдану бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.