Сәуір айынан бастап мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн форматта ауыстыру мүмкіндігі іске қосылады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қызмет барлық санаттағы жүргізушілерге eGov.kz порталы және eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді болады.
Бұған дейін куәлікті интернет арқылы тек құжаттың мерзімі әлі жарамды болған жағдайда немесе ол жоғалғанда, ұрланған кезде және аты-жөні өзгергенде ғана ауыстыруға рұқсат етілетін.
Ал енді мерзімі аяқталған куәлікті де қашықтан рәсімдеуге болады. Ол үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Қызмет көрсету мерзімі — 60 минут.
Өтінім беру тәртібі қарапайым: портал арқылы фото мен қолтаңбаны жүктеп, өзіңізге ыңғайлы ХҚКО-ны таңдайсыз және 1,25 АЕК көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Дайын құжатты көрсетілген ХҚКО-дан барып алып кетуге болады.