Атыраудағы залдардың бірінде 13 жастағы бала есінен танып, қайтыс болды. Бұл ақпаратты Атырау облыстық білім беру басқармасы растады.
Жасөспірім жедел-жәрдем қызметі жеткенше көз жұмған. Ол AiRom баскетбол академиясының тәрбиеленушісі болған.
- Тренерлік құрам дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті, жедел жәрдем шақырылды және ата-аналары хабардар етілді. Медициналық бригада қысқа уақытта келді. Анықталғандай, кәмелетке толмаған бала 2024 жылдан бастап көрсетілген спорт залында тұрақты түрде сабаққа қатысып келген. 2025 жылғы 9 қазанда берілген №027/у медициналық анықтамаға сәйкес, оған баскетболмен шұғылдануға рұқсат берілген, қарсы көрсетілімдер болмаған. Жаттығу сабақтары штаттық режимде, қолданыстағы ваучерлік қаржыландыру шеңберінде жүргізілген, - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Басқарманың берген ресми ақпаратына сүйенсек, Атырау қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.