Германия канцлері Фридрих Мерц елдің өз ядролық қаруын жасау мүмкіндігін жоққа шығарды. Machtwechsel подкастында ол Германияның жеке ядролық қару әзірлеуіне қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Мен Германияның өз ядролық қаруы туралы ойланғанын қаламаймын», – деді Мерц.
Ол сондай-ақ елдің бірігуіне жол ашқан «Екі плюс төрт» шартына және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қою арқылы Германия ұлттық ядролық бағдарламадан бас тартқанын еске салды.
Сонымен қатар канцлер Германияның еуропалық ядролық тежеу бастамаларына қатысуға ашық екенін айтты.
«Германия қарулы күштерінде ядролық қару тасымалдауға қабілетті ұшақтар бар. Біз америкалық ядролық қаруды тасымалдай аламыз. Теориялық тұрғыдан бұл британдық және француздық ядролық қаруға да қатысты болуы мүмкін», – деді ол.
Мерц бұған дейін Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде айтқан сөзін қайталап, Франция президенті Эммануэль Макронмен Еуропа үшін «ядролық қолшатыр» құру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, Франция үкіметінің Еуропаның өзге елдерінде ядролық қару орналастыру бастамасын қазіргі жағдайда елемеуге болмайды. Франция – Еуропалық одақтағы ядролық қаруы бар жалғыз мемлекет.
Германия ондаған жыл бойы АҚШ-тың «ядролық қолшатыры» аясында қорғалып келеді. Ел аумағында 20-ға дейін америкалық атом бомбасы орналастырылған. Оларды іске қосу кодтары тек АҚШ президентінің қолында.
Қажет болған жағдайда Германия қарулы күштері Бюхель авиабазасындағы Tornado жойғыш ұшақтары арқылы бұл қаруды жеткізе алады. НАТО мұны «ядролық қаруды бірлесіп пайдалану» тетігі деп атайды, себебі мұндай жоспарды іске асыруға өзге де еуропалық елдер қатысады.