Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Мәскеуде Ресей әскери барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі, генерал-лейтенант Владимир Алексеевке жасалған қастандыққа қатысы бар үшінші болжамды сыбайластың ұсталғанын хабарлады. Бұл – бұрын ұсталған күдіктілердің бірінің ұлы, РФ азаматы Павел Васин (1981 жылы туған), деп хабарлайды Malim.kz ФСБ-ның Қоғамдық байланыстар орталығына сілтеме жасап.
Арнайы қызмет жариялаған видеода Васин кінәсін мойындап, Украина қауіпсіздік қызметімен (СБУ) байланысы болғанын айтады. Оның сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегінде іс бойынша фигурант Любомир Корба оны «СБУ үшін» жұмыс істеуге тартқан. Содан кейін ол Корбаның тапсырмаларын орындап, оны тасымалдаған және «жоғары лауазымды қызметкерлерді бақылаған». Сонымен қатар генерал Алексеевке қастандық жасауға дайындалғаны да айтылды.
ФСБ мәліметінше, Павел Васин қастандық жасаушыларға көлік берген, бақылау жүргізу үшін бейнетіркегіш пен трекер сатып алған, сондай-ақ интернет арқылы ақпарат жинауға көмектескен. ТАСС агенттігі ФСБ-ға сілтеме жасап, Васиннің бұған дейін ұсталған екі күдікті Киевтің тапсырмасы бойынша бақылаған Ресей Қорғаныс министрлігінің тағы екі жоғары лауазымды қызметкерінің есімдерін атағанын жазады.
Екі күн бұрын ФСБ Владимир Алексеевке жасалған қастандық ісі бойынша екі күдіктінің – Ресей азаматтары Любомир Корба мен Виктор Васиннің (Павел Васиннің әкесі) ұсталғанын хабарлаған еді.
Корба БАӘ-де, ал Васин Мәскеуде қолға түскен. ФСБ олардың екеуі де кінәсін мойындап, қастандықты дайындау туралы түсінік бергенін мәлімдеді.