Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмысты жалғастыруда. Оның ішінде шетел азаматтарының қатысуымен жасалатын қылмыстар ерекше назарда, деп хабарлайды Malim.kz.
Polisia.kz-тің жазуынша, биыл төрт айда есірткі қылмыстары үшін 76 шетел азаматы ұсталған. Олардың 23-і есірткі сатқаны үшін, үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін және 29-ы контрабанда үшін. Сондай-ақ шетелдіктердің қатысуымен есірткіні өсіру, жарнамалау және насихаттаудың жекелеген деректері анықталған.
"Халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіруді қашықтан ұйымдастырған. Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 кг синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 кг "A-PVP" синтетикалық есірткісі тәркіленді. Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. 30 грамм "мефедрон" айналымға жіберілмеді. Осылайша есірткі тарату арналарына тосқауыл қойылды. Есірткі қылмысы трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс шетелдік әріптестермен бірлесе жүргізілуде. Ішкі істер министрлігі ескертеді: ел аумағы арқылы есірткі өндірісі мен транзитін ұйымдастырудың кез келген дерегі заң аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.