Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің жұбайы Динара Майғазиева келініне деген көзқарасы туралы айтып, өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, келінді жат көрмей, өз қызыңдай қабылдау – әр ананың міндеті.
"Келін мен қызға деген махаббаттың айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Ол табалдырықтан аттаған сәттен бастап, өз қызыңдай болып кетеді. Қызыңа қандай ақыл айтсаң, келініңе де сондай кеңес бересің. Барлығының жақсы болғанын қалайсың. Әрине, келін – келін, қыз – қыз, бірақ ана болған соң бөтен бала болмайды. Қызымды қалай жақсы көрсем, келінімді де солай жақсы көремін. Бірдеңе айтсам, тек жақсылығы үшін айтамын. Кейде "ренжіме" деп те ескертіп қоямын. Маған да кезінде енем мен анамның айтқан ақылдары әлі күнге дейін көмектесіп келеді", – дейді ол.
Динара ханымның бұл пікірі көпшілік тарапынан қолдау тапты. Желі қолданушылары "Өте дұрыс айтасыз", "Келінге қалай қарасаң, ол да саған солай қарайды", "Келінге ененің ақылы мен қамқорлығы қажет" деген пікірлер қалдырды.
Сәкен Майғазиев – қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Толық аты – Сәкен Қордабайұлы Майғазиев. Ол әнші, продюсер, тележүргізуші және ұстаз ретінде танымал. Өнер иесі лирикалық жанрда ән орындайды.
Сәкен Майғазиев – әйгілі "МузАРТ" ансамблінің солисі. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған. Сонымен қатар "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Әнші көпбалалы отбасында тоғызыншы болып дүниеге келген. Ол Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде білім алған. Кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқуын жалғастырды.
2001 жылдан бастап "МузАРТ" тобының құрамында өнер көрсетіп келеді. 2012 жылдан бері ол аталған колледжде ұстаздық қызмет атқарады. Сәкен Майғазиев тележобаларға да белсенді қатысқан. Ол "Екі жұлдыз" жобасында өнер көрсетіп, кейін жүргізуші болды. Сондай-ақ "Жаңа күн" бағдарламасын жүргізген.
Өнер иесі жас таланттарды қолдауға да ерекше мән береді. Ол "Әйгөлек" байқауында балалармен бірге жұмыс істеген. Сәкен Майғазиев ғылыммен де айналысып, PhD дәрежесін қорғаған. Оның ғылыми жұмысы қазақ эстрадасындағы этнофольклорлық бағытқа арналған. Әнші отбасылы, төрт баланың әкесі. Оның өнері мен еңбегі қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып келеді.