Қазақстанда Оңтүстік Корея азаматтары ұсталып, екі апта ішінде Корея Республикасына қайтарылған. Бұл туралы Корея президенті Ли Чжэ Мён X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Президенттің мәлімдеуінше, Корея азаматтары алаяқтық қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Олар Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға келген.
Ли Чжэ Мён күдіктілерді ұстау және оларды Кореяға қайтару жұмыстарының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сол үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне алғыс білдірді.
«Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды», – деп жазды Корея президенті.
Ли Чжэ Мён Корея азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін трансұлттық қылмыстарға қарсы күрестің жалғасатынын мәлімдеді.
Корея президенті сондай-ақ қыркүйекте Сеулде өтетін алғашқы «Корея Республикасы - Орталық Азия» саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, алғысын жеке жеткізуге үміт білдірді.