457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

"Анамызды жындыханаға жатқызды". 5 балалы отбасы баспанасыз қалды

"Анама шизофрения диагнозы қойылды", – дейді қызы

Ақтөбе облысында 5 балалы Есболовтар отбасы баспанасыз қалды. Балалардың анасы Жұлдыз Тлеуф психикалық ауруға шалдыққандар орталығында тексеруден өтіп жатыр. Қазір отбасының тұңғышы Құралай Есболатова анасына араша сұрап, туыстарының үстінен шағым түсірген.


"Анамызды жүйке ауруына шалдықты деп мәжбүрлі түрде есепке қойды. Бұл – нағашыларым мен анам арасындағы мүлікке таластан кейін басталды. Үйімізді сатып, анамның телефоны мен менің банк картамды пайдаланып, сыныптастарым мен ата-аналардан ақша жинаған. Енді біз пәтер жалдап, баспанасыз қалдық. Анама шизофрения диагнозы қойылды", – дейді Құралай.

Есболовтар отбасы бұған дейін Қобда ауданында тұрған. 2021 жылы ата-анасы ажырасып, анасы балаларымен Ақтөбеге көшкен. Осы жылдың көктемінде отбасы алдымен «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

"Отбасы 15 сәуірде келді. Анасы сол кезде ауруханаға түскен. Кейін 21 мамырда анасы мен балалары Дағдарыс орталығына жіберілді. Себебі баратын жері болмаған", – дейді «Аяла» орталығының директоры Гүлбарша Жиенқұлова.

Дағдарыс орталығының директоры Раиса Байлиева да бұл отбасының 5 ай бойы мемлекет қамқорлығында болғанын айтады. Кейін анасы мен Құралай қолхат жазып, орталықтан шыққан.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, балалар балабақша мен мектепке барып жүр, ал кішкентайы – 4 жаста. Әкелері балалар тәрбиесіне араласпайды. Жұлдыз Тлеуфтың ата-ана құқығы шектелмеген.

"Қазіргі кезде анасы Алматыда тексеруден өтіп жатыр. Ал қамқоршылық мәселесі дәрігерлердің қорытындысынан кейін ғана шешіледі", – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Балалардың құқығын қорғау комитеті бұл істің бақылауда екенін айтты. Комитеттің Ақтөбе облысындағы уәкілі отбасымен жеке кездесіп, мән-жайды анықтауға уәде берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда 5 бала Құралай Есболатованың қарауында. Құралай болса, "Біз жақсы оқимыз, ешкім сабақтан қалған жоқ. Анама мектеп, балабақшадан жақсы мінездеме берілген. Бірақ бізді қараусыз қалды деп жала жапты", – дейді.

Фото: Видеодан алынған скрин