Экс-министр Бекетаев 9 жылға сотталды

Экс-министрдің мүлкі тәркіленіп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров мәлім етті.
Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Экс-шенеунікке қатысты қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі мөлшерде ұрлық жасау, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактісі бойынша тергелді, - деді Данияр Бегайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ агенттіктің ресми өкілі тергеу «құпия» белгісімен жүргізілгендіктен, қылмыстың істің мән-жайы жариялауға жатпайтынын ескертті.
Ескерте кетейік, бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ісі сотқа биыл наурызда түсті.
Айта кетейік, Бекетаев қызмет жолын 2001 жылы сыртқы саясатқа қатысты органдарда бастаған. Одан мемлекеттік қызмет істері агенттігінде еңбек еткен.
2006-2007 жылдары Бекетаев премьер-министр орынбасарының кеңесшісі, премьер-министрдің кеңесшісі лауазымына көтерілген. 2007-2010 жылдары Әділет вице-министрі болған. 2016-2022 жылдары Әділет министрлігін басқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылды.
2022 жылдың 12 қаңтарында Бекетаев әлеуметтік желіде жазба жариялап, 6 жылдық жұмысын қорытындылаған.
Осылай қызметінен кеткен ол бірнеше күннен кейін премьер-министрдің кеңесшісі болды. Ол кезде Үкіметті Әлихан Смайылов басқарып тұрды.
Марат Бекетаев 2023 жылдың 21 қазанында қамауға алынды. Ол кезде оның өкілетін теріс пайдаланғаны, мемлекетке ірі көлемде залал келтіргені айтылды. Содан кейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министрдің елден қашпақ болғанда ұсталғанын растады.
Фото: gov.kz


Ең көп оқылған
