457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасы: айыпталушыларға ең қатаң жаза сұралды

Қарағандыда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ (қазіргі атауы — Qarmet) қарасты Костенко шахтасында орын алған жарылысқа байланысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөздері басталды, - деп хабарлайды Malim.kz tengrinews-ке сілтеме жасап. 

Бұл апат 2023 жылдың күзінде болған еді. Апат салдарынан 46 шахтер қаза тапқан.

Сот процесі

Сот алдында шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам жауап беріп жатыр. Олардың тоғызы тергеу изоляторында қамауда отыр, біреуі қолхатпен босатылған. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келу" бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот отырысы тергеу изоляторының спорт залында өтіп жатыр. Істі Қарағанды қаласындағы Алихан Бөкейхан ауданының судьясы Бахтияр Ақанов қарап жатыр. Қылмыстық істің көлемі 108 том. 74 адам жәбірленуші ретінде танылған. Сот залында қаза тапқан шахтерлердің суреттері бейнеленген баннер ілінген.

Жарыссөздер басталмас бұрын, айыпталушылардың бірі атынан сөз сөйлеген адвокат Евгений Тен прокурор Әділ Садықовқа сенімсіздік білдіріп, оны істен шеттетуді сұрады. Алайда судья Бақтияр Ақанов бұл өтінішті қанағаттандырмай қойды. Кейін адвокат судьяның өзіне де қарсылық білдіріп, оның істі қарауына күмән келтірді. Бірақ бұл өтініш те қолдау таппады.

Мемлекеттік айыптаушылар — прокурорлар Адил Садықов пен Бекзат Ашырбеков айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша ең жоғары жаза беруді сұрады. Бұл өндірістік қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу нәтижесінде 46 шахтердің қаза тауып, 20-дан астам адамның мүгедек болып қалуына алып келгені үшін.

Прокурорлар шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Ереминге, бас инженер Николай Грозновқа және №6 учаске бастығы Виктор Коптенковке 8 жыл,
техникалық қызмет бойынша бас инженердің орынбасары Владимир Гонноченкоға, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренкоға, бас механик Дмитрий Коцарьға, шаң мен жарылысқа қарсы қорғаныс бойынша учаске бастығының көмекшісі Виталий Пестрякқа, конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдүшевке — 7 жыл,
ал желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы Владимир Шишкановқа 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Мемлекеттік айыптаушылар сондай-ақ тергеу изоляторында өткізілген уақытты жазаны өтеу мерзіміне қосуды сұрады. Айыпталушылардың көбі тергеу изоляторында 1 жыл 8 ай отырған, бұл шартты түрде 3,5 жылға тең.

Прокурор Адил Садықов барлық айыпталушылардың кінәсі дәлелденгенін атап өтті. "Костенко шахтасында сулау және сылау жұмыстары талапқа сай жүргізілмеген, скребкалар мен гребенкалар жиі істен шыққан, метан газының концентрациясы белгіленген нормадан асып кеткен. 2023 жылдың қыркүйегінде өндіру учаскелерінде бірнеше мәрте жану оқиғалары тіркелген. Бірақ жабдықтарды жөндеудің орнына, оларды көмір өндіруде пайдалануды жалғастырған. Жарылыстан кейін қауіпсіздік мақсатындағы сланцты қалқандар жұмыс істемеген. Дегенмен, он айыпталушының ешқайсысы болған жағдайдан хабарсызбыз деп отыр. Бұл қалай мүмкін?" - деді прокурор соттағы сөзінде.

Садықовтың айтуынша, айыпталушылардың кінәсін 250-ден астам куәгердің жауабы, сараптама қорытындылары, үкіметтік комиссия актілері, диспетчерлік жазбалар мен басқа да дәлелдер растайды.

Алайда, бұрынғы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренко өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жауапты емес нормаларды бұзды деп айыпталып отыр. Сонымен қатар жабдықтардың ақаулығы туралы қорытындыны бұл салада құқығы жоқ сарапшылар жасаған. Газдың жоғары концентрациясы туралы нұсқаны да, дейді ол, датчиктердің деректері жоққа шығарады. Ал көмір үйіндісіндегі өрттің нақты себебі анықталмаған.

Басқа айыпталушының жұбайы - Татьяна Ерёмина болса, күйеуінің 40 жылға жуық шахтада жұмыс істегенін, ондағы процестерді жақсы білетінін айтып, оны қорғады. Оның пікірінше, апатқа адамның өзі себепкер болуы мүмкін. Мысалы, қауіпті аймақта темекі шеккен жағдай орын алған шығар. Оның айтуынша, сырттан келген жұмысшылар қауіпсіздік талаптарын үнемі сақтамайтын.

Сонымен қатар ол жарылыстың табиғи себептерден де туындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды және бүкіл жауапкершілікті тек шахта басшылығына арту әділетсіз деп есептейді.

Бұған дейін Костенко шахтасында қаза тапқан барлық 46 шахтердің аты-жөні жарияланған болатын. Тергеу болжамы бойынша, қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу себеп болған. Көмір өндіру учаскесінде болған жарылыс көмір шаңының тізбекті детонациясын туғызған. Ол шаңның концентрациясы рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе асып кеткен.

Фото: ©️ Tengrinews.kz