Неке қиюға мәжбүрлегендерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді

Қазақстанда неке қиюға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды Бас прокуратура.
«"Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру және құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 125-1-бап енгізілді. Бұл заң қылмыстық заңнаманы оңтайландыру аясында 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сәйкес, мәжбүрлеу арқылы қиылған неке жарамсыз деп танылады. Неке – бұл ерікті одақ, және ол тек екі тараптың өзара келісімімен ғана қиылуы мүмкін», – делінген сейсенбі күнгі хабарламада.
Онда атап өтілгендей, мәжбүрлеу, әсіресе қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық көрсету – бұл адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылады.
«Көптеген елдерде неке қиюға мәжбүрлеу – бұл ауыр қылмыс ретінде саналады, өйткені мұндай некеге түскен жәбірленуші оқшаулануға, зорлық-зомбылыққа ұшырауы немесе тіпті өзін-өзі өлтіруге әрекет етуі мүмкін. Кейбір елдерде мәжбүрлі неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады», – деп қосты қадағалаушы орган.
Ведомство нақтылағандай, соңғы бес жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелген, олардың 95%-ы тоқтатылған.
«Жаңа нормаға сәйкес, неке қиюға қорқыту, бопсалау, зорлық немесе басқа да қысым көрсету арқылы мәжбүрлеу үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда бұл мерзім он жылға дейін ұзартылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 125-бабына өзгерістер енгізіліп, жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда істі тоқтату мүмкіндігі алынып тасталды. Енді әйел адамды неке қию мақсатында ұрлау әрекеті Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады. Қабылданған шаралар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және қоғамда жеке бостандықты бұзуға төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған. Прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын және азаматтардың құқықтарын қорғауды қадағалау жұмысын жалғастырады», – деп түйіндеді Бас прокуратура.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Ең көп оқылған
