"Қатты қиналамын". Берденовке оқ атқан Жиембай соттағы соңғы сөзін айтты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған Ернар Жиембай соттағы соңғы сөзін айтты.
Айыпталушы өз сөзінде барша қазақ елінен кешірім сұрап, соттан әділ шешім шығаруды өтінді. Ол тағылған айыпқа ішінара келісетінін айтты.
Маған тағылған айыппен ішінара келісемін. Алайда, бұл оқиға өздігінен өзі болған жоқ деп нақты айта аламын. Мен өзімді есі дұрыс адам ретінде айта аламын. Сараптама қорытындылары да бар. Себепсізден себепсіз барып, тиіспеген адамға қаруымды алып, қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын. Сот тергеуінде берген жауабымды толық қуаттаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлынан кешірім сұраймын. Қалай болмасын мен ол кісінің денсаулығына ауыр зиян келтірдім, — деді ол.
Сонымен бірге айыпталушы оқиғаның саяси астары жоқ екенін, бұл екеуара жеке мәселе болғанын алға тартты.
Бұл — мен үшін үлкен сабақ. Мен осыны түсіндім. Сыртта ата-анам қалды. Мен де адам баласымын. Менің де жүрегім бар. Әкем ауырады. Отбасымды асыраушы ұлдардың бірі едім. Екі ұлым қалды. Отбасым мен балаларымды ойласам, қатты қиналамын. Өкінемін. Бұл оқиға артқа айналса, мұндай жағдайға ешқашан бармас едім. Соттан ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен жеңіл жаза тағайындауды сұраймын, — деді Жиембай.
Ернар Жиембай сондай-ақ Руслан Берденов тарапынан 25 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етілгенін айтып өтті. Айыпталушының айтуынша, өзіне де моральдық тұрғыда ауыр соққы тиген.
Сөз соңында ол соттан әділдік күтетінін жеткізді.
Қолыммен жасаған ісімді басыммен көтеремін. Әуелі Аллаға, одан кейін әділ сотқа сенемін. Барша қазақ халқынан тағы да кешірім сұраймын. Заң аясында жеңіл жаза тағайындауыңызды өтінемін, — деді айыпталушы.
Ал, судья Әбінұр Қарабаев сот үкімінің алдын ала жариялануы 20 тамыз күні сағат 12:00–ге тағайындалғанын айтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын прокурор айыпталушы Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына 30 АЕК (118 890 теңге) өндіруді талап еткенін жазған едік.
Фото: kursiv.media

Ең көп оқылған
