Прокурор Берденовті атқан адамды 11 жылға соттауды сұрады

Прокурор Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп айыпталған Ернар Жиенбайға 11 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Malim.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Прокурор Жиенбайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады», – деп хабарлайды агенттік тілшісі дүйсенбі күні.
Еске сала кетейік, Берденовке қастандық 21 сәуір кешінде жасалған болатын. Әкім орынбасары оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, шенеунікке оқ атқан – Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы бір ЖШС қызметкері. Қастандық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Қастандықтың ықтимал себептерінің бірі ретінде жыныстық қысым көрсету нұсқасы айтылған еді, алайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы Айгерім Жұмакұлова бұл нұсқаны дереу жоққа шығарды.
12 мамырда қастандықтан аман қалған Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың ауруханадан шығуға дайындалып жатқаны хабарланды. 25 маусымда КазТАГ Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық істің тергелуі аяқталғанын мәлімдеді.
26 маусымда КазТАГ Берденовтың Respublica партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кеткенін хабарлады.
22 шілдеде қастандыққа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғаны белгілі болды.
28 шілдеде бұл іс бойынша сотта алдын ала тыңдаулар басталды.
6 тамызда сот отырысында Ернар Жиенбай өзінің қылмысқа бару себебі ретінде қызғанышты атады. Осылайша, оның бұл сөзі қастандықтың себебі жыныстық сипаттағы жағдай болуы мүмкін деген бұрынғы мәліметтерді жанама түрде растады. Сондай-ақ, айыпталушы сотта жәбірленуші – Берденов одан Шымкенттің қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жабуын талап еткенін айтты. Ал Берденов болса, Жиенбайдың бұл сөздерін шантаж және қысым көрсету әрекеті деп бағалады.
18 тамызда Берденов айыпталушыны өз әйелін бұл іске араластырғаны үшін «ер азаматқа тән емес әрекет жасады» деп айыптады.
Фото: Ашық дереккөз

Ең көп оқылған
