Шетелден әкелінген көлікті заңсыз тіркегендер жауапқа тартылды
Қаржылық мониторинг агенттігі 55 көлікті заңсыз тіркеу дерегі бойынша қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін тергеу барысында осы схеманың ұйымдастырушысы анықталған болатын. Ол 2020 жылы желтоқсаннан 2022 жылғы қаңтарға дейін шетелден әкелінген көліктерді бастапқы тіркеу схемасын топ болып ұйымдастырған.
"Бұл әрекеттер міндетті төлемдер мен салықтардың төленбеуіне, жалған құжаттар пайдаланылуына әкеп соғып, мемлекетке 400 миллион теңгеден аса шығын келтірген. Екі кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Сот шешімімен сотталғандар 2,5 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сонымен қатар соттың шешімімен сотталғандардың мүлкі, яғни Астана және Көкшетау қалаларындағы жалпы құны 90,5 миллион теңгеден асатын пәтерлер, Көкшетау қаласындағы құны 35 миллион теңге болатын үй тәркіленді.
Фото: depositphotos.com