Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допингке қатысты туындаған дау аясында жанкүйерлерге арнайы үндеу жолдады, деп Malim.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдымен чемпион өзін қолдап жатқан барша жанкүйерлерге ризашылығын білдірді.
"Қолдау көрсетіп жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер бұл дауға қуанып жатқанда, өз қазағым қасымнан табылып, тазалығыма сеніп отырғаны үлкен демеу болды. Ең бастысы – мен бокс жолында жаман жанкүйер жинамаған екенмін. Қиын сәтте де қолдайтын шынайы жанкүйерім бар. Бұл – әр спортшы үшін үлкен бақыт", – деп жазды ол.
Сонымен қатар Жәнібек Әлімханұлы өз мәлімдемесінде таза спорт қағидаттарына әрдайым адал екенін тағы да атап өтті.
"Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны өздеріңіз жақсы білесіздер. Таза спортты үнемі насихаттап келемін", – деді чемпион.
Еске сала кетейік, желтоқсан айына жоспарланған жекпе-жек алдында алынған допинг сынамасына байланысты дау туындап, орта салмақтағы жылдың басты айқастарының бірі саналған Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы кездесу өтпейтін болды. Қазіргі уақытта Лара WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Ол әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атанып, Азия чемпионатында топ жарған. Қазіргі таңда кәсіпқой рингтегі рекорды — 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен аяқталған.