"МузАРТ" тобының мүшесі Сәкен Майғазиев өнердегі әріптесі Мейрамбек Беспаев туралы қызықты естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің айтуынша, ол бозбала кезінде Мейрамбек Беспаевтың сұхбатын оқып, оның редакциядан үй телефоны мен мекенжайын қыздарға бермеуді өтінгеніне таңғалған.
"Біз бозбала болып, мұрт шығып бастаған кезде, қыздарға енді хат жазып жүргенде оның бір сұхбатын оқып едім. "Өтініш, редакция, менің үй телефонымды, адресімді, мекенжайымды қыздарға бермеңіздерші" депті сұхбатында. Сол кезде мен таңғалған едім, “қыздардан қашатын бұл не деген жігіт?!” деп. Сөйтіп Алматыға алғаш келгенде "осы қалада Мейрамбек Беспаев та тұрады ғой" деген керемет бір ассоциация қалып қойды", – деді Сәкен Майғазиев.
Сәкен Майғазиев бұған дейін "МузАРТ" тобының Қарағандыдағы концерті кезінде болған оқиғаны да айтқан еді. Концерт барысында бас гитарашы Ерлан Құлахметтің қан қысымы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген.
"Концерттің ортасында бас гитарист Ерлан Құлахметтің қан қысымы көтеріліп, ауырып қалды. Бір минуттай абдырап, түсінбей қалдық. Гитара аспабының сүймелдеуінсіз бір ән шырқадық. Көп ұзамай қалпына келіп, сахнаға шыққанда "шүкір" дедік. Көрерменнің көңілі түспесін деп түсіндіріп жатқанымыз ғой. Ауырмаңыздар. Ерланға көз тиген сияқты. "Қай жігіт десе, Мейрамбектен кейінгі сұлу жігіт" деп халық сұрайтын", – деп еске алды Сәкен Майғазиев.
Еске сала кетейік, әнші Мейрамбек Беспаев "МузАРТ" тобының мүшелері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловті алған марапаттарымен құттықтап, әзіл аралас жылы лебізін білдірген. Сондай-ақ Мейрамбек Беспаев жас өнер иесі Еркеш Хасенге автокөлік сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленген болатын.
"МузАРТ" – қазақ эстрадасының аңызға айналған тобы
"МузАРТ" – қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі тыңдарман ықыласына бөленген вокалды топтардың бірі. Ұжым 2001 жылы Алматы қаласында құрылып, содан бері ұлттық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Топтың алғашқы құрамында Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Мақсат Базарбаев өнер көрсетті. Кейін Мақсат Базарбаев жеке шығармашылықпен айналысуға шешім қабылдап, оның орнына Кенжебек Жанәбілов қосылды.
Ұжымның алғашқы туындыларының бірі – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған "Сенің көзің" әні. Бұл шығарма топтың шығармашылық жолындағы маңызды жұмыстардың біріне айналып, олардың кеңінен танылуына ықпал етті.
2003 жылдан бастап "МузАРТ" шетелдерде гастрольдік сапарлар өткізіп, Қытай, Ресей және Түркия сахналарында концерт берді. Осы кезеңнен бастап топтың танымалдығы Қазақстан аумағынан тыс жерлерге де тарай бастады.
2011 жылы ұжым өзінің 10 жылдық мерейтойын Астанада атап өтті. Ал 2021 жылы топ құрылғанына 20 жыл толуына орай шығармашылық кештер ұйымдастырды.
"МузАРТ" репертуарында заманауи эстрадалық әндермен қатар халықтық, лирикалық және ретро бағыттағы туындылар да бар. "Өз елім", "Шашбаулым", "Үшқоңыр", "Анаға сәлем", "Қайран көңіл" секілді әндер тыңдарман арасында кеңінен танылып, топтың төлқұжатына айналды.
Бүгінде "МузАРТ" қазақ эстрадасының символдарының бірі саналады. Ұжым бірнеше буын өкілінің сүйікті тобына айналып, ұлттық музыка мәдениетін насихаттауды жалғастырып келеді.