457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

12 адам қаза тапқан жол апаты. Үкіметтік комиссия құрылды

Самара – Шымкент тасжолының Белқопа ауылы маңында DAF жүк көлігі мен жолаушылар мінген "ГАЗель" көлігі соқтығысқан. Оқиға орнында екі көліктің жүргізушісі мен 10 жолаушы көз жұмды. Тағы 5 адам ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен.

Қазір бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Белгілі болғандай, "ГАЗель" ресми түрде Жүргенев атындағы ауылдан облыс орталығына жолаушылар тасымалымен айналысқан.

Сондай-ақ, "Қазавтожол" баспасөз қызметі Ақтөбе облысында көлік қозғалысына шектеу қою туралы шұғыл ақпарат таратты.

2025 жылғы 23 қазан сағат 09:40-та Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасының орын алуына байланысты республикалық маңызы бар "РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" 844-965 шқ., (Хромтау қ. - Қарабұтақ ауылы) учаскесінде көліктің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды, - деп жазылған хабарламада. 

Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен  жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Премьер-министр Комиссияға жұмысын дереу бастауды, жол апатының себептерін жан-жақты тексеруді, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.

— Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық ететін Комиссия құрамында Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің жетекшілері, Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығы бар, — делінген хабарламада.

Фото: скрин