Ақтөбедегі локомотив депосында болған жарылыстан екі жұмысшы қаза болды

Ақтөбе қаласындағы локомотив депосында жөндеу кезінде болған жарылыс пен өрт салдарынан екі жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы бойынша Еңбек инспекциясы жөніндегі мемлекеттік комитет департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Камиевтің айтуынша, жөндеу кезінде кенеттен жарылыс болып, екі жұмысшы ауыр термиялық күйік алған.
Зардап шеккендердің бірі – 36 жастағы электргазбен дәнекерлеуші, екіншісі – 25 жастағы жұмысшы.
Жұмыс берушінің мәліметіне сәйкес, 36 жастағы жұмысшы 30 маусым күні есін жимастан ауруханада көз жұмған. Ал екінші 25 жастағы азамат 1 шілдеде қайтыс болды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен азаматтар шұғыл түрде облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
«Науқастар ауруханаға түскен сәттен бастап барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Білікті мамандар тартылып, тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды. Алайда алған жарақаттарының ауырлығына байланысты олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – делінген басқарманың ресми мәлімдемесінде.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қазір аталған факті бойынша техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: kamkor-lokomotiv.kz

Ең көп оқылған
