Ақтөбелік такси жүргізушісі 8 жасар қызды қағып кетті
Ақтөбеде, Әбілхайыр хан даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы болды. 2005 жылы туған такси жүргізушісі Chevrolet автокөлігін басқарып келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 8 жастағы қыз баланы қағып кеткен. Бұл туралы Malim.kz turkystan.kz cайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Оқиға 25 қазанға қараған түні болған. Қызды қағып кеткеннен кейін жүргізуші көлікті басқара алмай, тағы үш машинаға соғылған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Қыз баланың миы шайқалып, сүйектері сынған. Ол қазір ауруханада жатыр.
«Балақайдың жағдайы өте ауыр, ол реанимация бөлімінде, дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Жүргізушінің өзі де жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
«Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері жүргізушілерді жаяу жүргінші өткелдерінде, әсіресе түнгі уақытта барынша сақ болуға шақырды.
Фото: freepik.com