Әскери қызметке шақырылғанына бір ай да толмаған: Аягөзде сарбаз көз жұмды

Аягөздегі әскери бөлімде 18 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол 2025 жылғы 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 19 мамырда сарбаз Аягөз орталық аудандық ауруханасында бактериялық менингиттің гипертоксикалық (жедел) түрінен қайтыс болған.
16 мамыр кешке ол өзін жайсыз сезініп, дене қызуы жоғарылаған соң Аягөз әскери госпиталіне жатқызылған. Тағайындалған емге қарамастан, жағдайы жақсармаған. 17 мамырда оған қосымша тексерулер – УДЗ мен компьютерлік томография жүргізіліп, орталық аудандық ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылданған.
18 мамырда жағдайы күрт нашарлап, жедел ем-дом мен дәрігерлердің әрекетіне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның отбасына көңіл айтты. Жақындарына қажет барлық көмек пен қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі