457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Шерзат ісі: марқұм Ғайыпбаевтың жарақаттары туралы айтылды

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды malim.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Сот отырысында сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов жауап берді. Ол марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев төбелес кезінде алған жарақаттарды тексерген.

Өмірбек Жолымбетовтың айтуынша, жарақаттарға төбелестен жеті күн өткен соң сараптама жүргізілген. Оған дейін жарақаттар медициналық қорытындыда тіркелген. Сот-медициналық сараптама 9 қазанда жүргізілген.

Оның сөзінше, тексеру кезінде мына жарақаттар анықталған: оң көздің астыңғы қабағында көгерген ісік (3x1,5 см), оң жақ құлақтың артында дәл осындай көгерген жер (2x1 см). Сонымен қатар, желке тұсы ісінуі, бел тұсында ұзын жарақат (15x0,4 см).

Сарапшының айтуынша, терапевт дәрігердің тексеруінен кейін Нұрқанат Ғайыпбаевқа мынадай диагноз қойылған: бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, маңдай жарақаты, желке тұсы көгеруі, кеуде қуысының жабық жарақаты, екі шынтақ буынының жарақаты, оң жақ бөкседегі бірнеше жарақат, оң жақ тізе буынының жарақаты.

"Бет, бөксе мен аяқ-қолдағы көгерген жерлер денсаулыққа зиян келтірмейтін жарақаттар ретінде бағаланды", – деді сарапшы.

Айыпталушылардың адвокаттары сарапшыға тек бөксеге тиген пышақ жарақаттары туралы сұрақтар қойды: "мұндай жаралар өлімге, мүгедектікке немесе есінен тануға себеп бола ала ма?"

Бұл сұрақтардың бәріне сарапшы "жоқ" деп жауап берді.

Алайда бас-ми жарақаты мен кеуде жарақатының зардабы туралы бірде-бір сұрақ қойылған жоқ. Бұл сұрақтарды жәбірленуші тараптың адвокаты қойды.

"Сіз мынадай диагноз қойғансыз: бас-ми жарақаты және бастың көгерген жерлері. Бұл мылтықтың сабымен жасалуы мүмкін бе? Мұндай жарақаттан адам есінен танып қалуы мүмкін бе?", - деді адвокат.

"Медициналық деректерге сүйене отырып, Ғайыпбаевқа бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, маңдай аймағының жарақаттары мен сызаттары, желке тұсы көгеруі диагнозы қойылған. Бұл қорытындыны науқасты қараған невропатологтар мен мамандар жасаған. Мұндай зақым келгенде, яғни бас-ми жарақаты болса, адам есінен танып қалуы мүмкін", - деп жауап берді сарапшы.

Фото: Видео скрины