Абай облысында 61 млн теңге қарызын өтемеген азаматқа қылмыстық іс қозғалды

Абай облысы Үржар ауданында сот шешімін әдейі орындамаған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Аудан прокуратурасы мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы 61 миллион теңге көлеміндегі борышты өтеуден жалтару дерегін анықтады.
Тексеру барысында борышкер жалпы құны 12,5 миллион теңге тұратын тұрғын үй мен ауыл шаруашылығы техникасын бөтен адамдардың атына рәсімдегені белгілі болды. Бұл мәмілелер жалған сот актілері негізінде және сот орындаушыларының қатысуынсыз жүзеге асқан. Түскен қаражатты азамат мәжбүрлі өндіріп алудан айналып өтіп, өз қажетіне жұмсаған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 430-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Заң бұзушыға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Фото: freepik.com


Ең көп оқылған
