Air Astana Үндістанға бағытталған рейсті тоқтатты

Air Astana әуекомпаниясы Үндістандағы әскери қауіпке байланысты рейсті тоқтатты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana әуекомпаниясы 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша KC 907/908 рейстерін және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша KC 291/292 рейстерін тоқтатуға мәжбүр.
Компания орындалмайтын рейстердің жолаушыларына билеттердің толық құны қайтарылатынын айтты.
"Қазір әуе компаниясы Қазақстан Республикасының азаматтарын және Air Astana әуе компаниясының басқа да жолаушыларын балама бағыттар арқылы Отанына қайтару үшін репатриациялық рейстер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Біз жағдайдың дамуын мұқият қадағалап отырмыз және жолаушыларды кез келген өзгерістер туралы жедел хабардар ететін боламыз", - делінген хабарламада.
Бұған дейін не белгілі?
Еске салайық, Үндістанның Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан 31 адам қаза тапқаны хабарланған еді.
Пәкістан Үндістанның соққылары бейбіт ауылдар мен мешіттерге тиіп, 26 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Көз жұмғандар ішінде балалар да бар. Қазір қаза тапқандар саны 31 адамға жетті, ал 57 адам жарақат алды.
Бұған дейін Үндістан Пәкістан бақылауындағы Джамму және Кашмир аймақтарына соққы бергенін және бұл аумақтарда Үндістанға қарсы лаңкестік шабуылдар жоспарланып, басқарылған "террористік инфрақұрылым" орналасқанын мәлімдеген еді.
Фото: polet.me