Алматы маңындағы тұрғын үй жарық пен жылудан ажырап қалды

Әлеуметтік желіде 25 мыңнан астам адам тұратын «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде жарық пен жылу өшірілгені туралы ақпарат пайда болды.
Алматы облысының әкімдігі мәлім еткендей, 27 желтоқсан күні сағат 09:15-те Іргелі ауылдық округі мен Қаскелең қаласында «BeyAzhTrans» ЖШС-нің «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС алдындағы 390 752 771 теңге көлеміндегі қарызына байланысты электр қуаты ажыратылды.
- Қарасай ауданы әкімдігі мәселені қолға алып, АЖК АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде электр қуаты бір сағат ішінде толықтай қалпына келтірілді. Электр қуатының ажыратылуынан туындаған салдарды азайту және алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында барлық мүдделі тараптың бірлескен жұмысы ұйымдастырылды. Тұрғындардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қалыптасқан жағдайды жою үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
Сонымен қатар, сот тәртібімен «BeyAzhTrans» ЖШС-нің «Асыл Арман» және «Алтын Ауыл» тұрғын үй кешендерін электрмен жабдықтау, сондай-ақ Қарасай ауданының ауылдарын сумен жабдықтау мүлік кешенін жекешелендіруді тоқтату мәселесі қаралатын болады.
Фото: Коллаж: Canva